Президент Екібастұз жылу орталығындағы жөндеу жұмысымен танысты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды.

Мемлекет басшысы онда алдымен Екібастұз қаласында болып, жергілікті жылу-электр орталығының жөндеу жұмыстарымен танысты. 150 мыңға жуық тұрғыны бар өндірістік шаһар биыл тағы да жылудан таршылық көрмей ме? Дайындық  қалай?

Дамир Берікұлы, тілші:

«Өткен қыста Екібастұз халқын әбден әбігерге салған жылу-электр орталығы осы. Ол 1956 жылы салынған. Содан бері жөні түзу жөндеу көрмепті. Былтырғы апаттан кейін мұнда күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Соны көру үшін Президент мұнда арнайы келді». 

Қазір аталған нысанда жұмыс қызу. Орталықтағы 10 қазандықтың барлығы бірдей жөнделіп жатыр. Олардың екеуіне ағымдағы, қалғандарына күрделі жөндеу жасалады. Ал, оған 200-ден астам жұмысшы тартылған. Олар күндіз-түні осында. Әрқайсысының өз міндеті бар. 

Қуанбай Өмірханұлы, жұмысшы:

«Мен осының ішін тазалап, түскен темірлерді тазалап, сыртқа шығарып. Сол жұмыс жүріп жатыр. Алла жазса, бітетін шығар. 1-2 пеш бітті негізі. 15-котел бітті негізі. Сол міне 13-котел істеп жатыр».

 Тозығы жеткен қазандықтарды толық жөндеу үшін Үкіметтен 7 жарым млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Қазір қалыпқа келтіру жұмыстары шамамен 60 процентке орындалды. Мердігер компания күзге дейін үлгереміз, - дейді. Президент, жағдай бақылауда болатынын және жауаптыларға жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтауды тапсырды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

«Өткен қыста болған жағдай қайталанбауы керек. Азаматтарымыз шыдамдылық, сабырлық танытып отыр. Бірақ оның да шегі бар. Сондықтан әкімдерге осындай тапсырма берілді. Тиісті қаражат бөлініп жатыр. Жоспарлардың бәрін міндетті түрде іске асыру керек». 

Қалада қазандықтар ғана емес, жылу құбырлары да жаңартылып жатыр. Бас-аяғы 5 шақырымнан астам желі ауыстырылады. Оған да ел қазынасынан 9 млрд теңге бөлінген. Себебі жылу-электр орталығындағы 10 қазандықтың бесеуі биыл мемлекет меншігіне өтті. Енді Екібастұз жылудан таршылық көрмеуі тиіс. 

Дамир Берікұлы, Айдос Меделбеков, Бахытбек Нұртаев