Президент ЕҚЫҰ төрағасын қабылдады
Мемлекет басшысы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы, Солтүстік Македонияның Сыртқы істер министрі Буяр Османиді қабылдады.
Кездесуде Президент оның ұйым төрағасы ретінде Қазақстанға келуі маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайту перспективаларына айрықша тоқталды. «Еліңізді Қазақстанның Еуропадағы өте маңызды серіктесі ретінде қарастырамыз және біз Скопьеде өз елшілігімізді ашу жөнінде шешім қабылдадық», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Буяр Османи аталмыш ұйымның Орталық Азиямен өзара байланысты дамытуға маңызы зор екенін мәлімдеді. 2010 жылы Астанада өткен саммит Қазақстанның осы ұйым қызметін қолдаудағы белсенді рөлін көрсетті, - деді. Кездесу соңында Мемлекет басшысы, Солтүстік Македония президенті Стево Пендаровскийге ізгі тілегін жолдап, оны елге сапармен келуге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіздің бұл сапарыңыз өте маңызды деп ойлаймын. Мен еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын қолдайтынын айрықша атап өткім келеді. Пікірлер қайшылығына қарамастан, бұл – баламасы жоқ ұйым. Сондықтан біз оның әлеуетіне қолдау білдіруге күш салуымыз керек. Сіздің мемлекетіңізбен екіжақты қарым-қатынасымызда ешқандай мәселе жоқ. Біз ынтымақтастығымызды кеңейту тұрғысынан елеулі нәтижеге қол жеткіздік.
Буяр Османи, ЕҚЫҰ төрағасы, Солтүстік Македония Республикасының Сыртқы істер министрі:
- Солтүстік Македонияның ұйымға төраға ретіндегі ұраны – «Барлығы адамдар үшін». Бұл біздің ұстанымымызды білдіреді. Сіздің реформаларыңыз да адамдарға арналған әрі ол ұйымның қағидаттары және міндеттемелерімен ғана емес, біздің ұйым төрағалығындағы басымдықтарымызбен де үндес. Сонымен қатар біз Қазақстанның өңірлік, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды рөлін атап өткізіміз келеді.