Мемлекет басшысы Вьетнамда Ұлт қаһармандары монументіне гүл шоғын қойды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға ресми сапары Ба Динь алаңындағы Ұлт қаһармандары монументіне гүл шоғын қоюдан басталды.

Бүгін Қазақстан Президенті Вьетнам елінің басшылығымен келіссөздер жүргізіп, екі елдің сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын дамыту жайын талқылайды. Сондай-ақ, бірқатар өнеркәсіп нысанын аралап көріп, ірі бизнес өкілдерімен кездесу өткізеді деп жоспарланған. Айта кеткен жөн, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Вьетнам Социалистік Республикасының Президенті Во Ван Тхыонг арнайы шақырған болатын. Қазақстан Президентінің ресми сапары тамыздың 22-іне дейін жалғасады.