Қазақ-тәжік ынтымақтастығы артып келеді
Қазақстан мен Тәжікстанның стратегиялық ынтымақтастығы жылдан жылға бекіп келеді.
Сандарды сөйлетер болсақ, былтыр екі ел арасындағы алыс-беріс 1,5 млрд доллар болған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 18 пайзыға жоғары.
Қазақстан тәжік ағайындар үшін Ресейден кейінгі екінші ірі серіктесі. Экономикалық әріптестіктен бөлек, Қазақстан мен Тәжікстанның мүддесі тоғысатын салалар да жетерлік. Қос елдің ынтымақтастығы жайлы саясаттанушы не дейді, пікірлерін білсек.
Климаттың өзгеруі, Орталық Азиядағы су саясаты, сауда-саттық пен көлік-логистика. Бұл Қазақстан мен Тәжікстанның мүдделері тоғысатын салалардың бір парасы ғана. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тәжікстандық әріптесі Эмомали Рахмонмен бұл мәселелерді бұған дейінгі халықаралық саммиттерде кездесіп, талай талқылады. Мамыр айында Тәжікстан президенті Астанаға ресми сапармен келген. Сол кезде аймақтағы қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмап еді.
Аман Мәмбеталиев, саясаттанушы:
- Егер тауарлар шығыстан батысқа, батыстан шығысқа, солтүстіктен оңтүстікке жүрсе, онда қауіпсіздік ең маңызды мәселе боп тұр. Сол мәселені шешу үшін Қазақстан мен Тәжікстан біраз жұмыс жүргізетіні нақты белгілі. Себебі осы соңғы саммиттегі, соңғы жылдары Қазақстан мен Тәжікстан мемлекеттерінің және Қазақстанның басқа да мемлекеттермен тең қарым-қатынастар бойынша жоғары деңгейдегі кездесулер жиі болып жатыр.
Қос елдің ынтымақтастығы жыл санап нығайып келеді. Бұған мемлекет президенттерінің жиі кездесіп, күн тәртібіндегі мәселелерді бірге саралайтыны дәлел. Енді қыркүйек айында Душанбеде Орталық Азия көшбасшыларының бесінші консультативтік кездесуін өткізеді. Елордадағы басқосу сол маңызды жиынға алдын-ала дайындық іспеттес болмақ, дейді саясаттанушылар.
Болат Әуелбаев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы:
- Әлемдегі геосаяси ахуалға байланысты мұндай кездесудің маңызы зор. Орталық Азия мемлекеттері президенттерінің 15 қыркүйекте Душанбеде бас қосуы тегін емес. Осы аймақтағы елдер өзара ықпалдастықтың жаңа үлгісін шығаруы тиіс. Ынтымақтастықтың бұл үлгісі Орталық Азиядағы сын-қатерлерге бірлесіп төтеп беруге көмектесуі шарт. Меніңше, Астанадағы кездесуді сол консультативтік кеңеске дайындық ретінде қарастырғанымыз жөн. Тәжікстан үшін де, Қазақстан үшін де бұл сыртқы саясаттағы басымдыққа ие мәселе саналады.
Астана төріндегі кезекті басқосуда мемлекет басшылары қазіргі геосаяси жағдайдағы алыс-беріс, көлік тасымалы мен инвестиция тақырыбын қозғайтыны белгілі. Қазақстан мен Тәжікстан сенімді стратегиялық серіктес әрі бір-біріне тілектес мемлекеттер. Сарапшылардың пікірінше, екі мемлекет те әріптестіктің осы бағытынан таймақ емес.