Қазақстан туралы жазған шетелдік журналистер марапатталды
«Қазақстан шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары көзімен». Астанада дәстүрлі халықаралық байқау жеңімпаздары марапатталды.
Биыл қатысушылар қарасы қалың. 40 елден 70-тен астам өтінім түскен. Бұлардың арасынан 7 журналистің жұмысы үздік деп танылды. Ал туризм номинациясында топ жарған 2 журналист Астана, Алматы қалалары мен Шығыс Қазақстан облысына саяхаттап барады.
Салтанатты іс-шараға орай суретші Кәріпбек Күйіковтің көрмесі ашылды. Суретші ядролық сынақ зардабын көрсеткен картиналарын шетелдік қонақтар назарына ұсынды.
Бибігүл Жексенбай, бас редакторлар клубының президенті:
- Көтерілетін тақырыптар ауқымы да кеңейіп жатыр. Бұрын барлық тақырыптарымыз саяси, экономикалық мәселелерге көбірек арналатын болса, қазір туризм тарихқа байланысты, Қазақстанның бүгінін ғана емес, өткен тарихына байланысты қалам тербеген журналистердің көптігі қуантып жатыр.
Нгуен Суан, «Вьетнам дауысы» радиосының тілшісі:
- Қазақстанға келгеніме өте қуаныштымын. Байқауға бірнеше материал тапсырдым. Қазақстан-Вьетнам қарым-қатынасы, Қазақстан мәдениеті туралы жаздым. «Көшпенділер» романын вьетнам тіліне аудардым. Сұхбаттар жасадым. Сіздің мемлекетке екінші мәрте келіп отырмын. Қашан келсем де жергілікті халықтың жылы қабылдайтыны ұнайды.