Әшімбаевтың қатысуымен өткен жиында Жетісу облысының өзекті мәселелері талқыланды
Жетісу облысындағы ауқымды жобаларға үкімет қолдауы қажет.
Себебі оған жергілікті бюджеттің мүмкіндігі жетпейді. Аймақтағы өзекті мәселелер ҚР Парламенті сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевпен өткен жиында айтылды. Мәслихат депутаттары және қоғам өкілдерімен кездесуде бірқатар проблема да көтерілді.
Талдықорғанның кіреберісінде пәтер саны мыңға жуықтайтын көп қабатты үйлер салынып жатыр. Қаладағы құрылыс қарқынын сақтау үшін ипотекалық бағдарламаларды жандандыру қажет. Жиында мәслихат депутаттары осындай ұсыныс айтты. Ал облыс әкімі Ақши ауылына қосымша электр желісін тартып, Балқашқа қатынайтын жол құрылысын аяқтауға қаражат бөлу мәселесін көтерді.
Бейбіт Исабаев, облыс әкімі:
- Жоба алғашқыда шамамен 4,5 - 6 млрд теңгеге жоспарланған. Ал қазір оның құны екі есеге қымбаттады. Яғни жол салу жұмыстарын аяқтауға 12 млрд теңге керек. Соған байланысты жобаға өзгеріс енгізіп жатырмыз. Қалған қаражатты төлеуге жергілікті бюджеттің мүмкіндігі жетпейді.
Облыста аймақты дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданған. Құжатта ауыл шаруашылығына, шағын және орта кәсіпкерлікке, туризм саласына басымдық беру көзделіп отыр. Бұл мақсатқа 1 трлн теңге инвестиция тартылмақ. Ауқымды жобалардың жүзеге асуына жаңа заң қабылдау арқылы Сенат та қолдау көрсетеді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Жаңа сессияда сенаторлардың бастамасымен жаңа заң жобасын қарайтын боламыз. Олардың қатарында жайылымдық жерлерді пайдалану органикалық өнім өндіру, орман шаруашылығы мен ерекше қорғалатын аймақ мәселелері бойынша заң жобалары бар. Осындай ауқымды жұмыста Сіздердің де тәжірбиелеріңіз мен пікірлеріңіз аса маңызды. Сондақтан біз мәслихат депутаттарымен де тығыз жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз.
Текеліге табиғи газ құбыры тартылып жатыр. Президент тапсырмасынан кейін төрт ұңғыма қазылды. Енді ауызсу жүйесін қосу және қала ішіндегі желілерін жаңарту қажет. Сонымен қатар тұрғындарды кәріз суын тазартатын мекеменің жағдайы алаңдатып отыр. 1968 жылы салынған нысан жөндеу көрмеген.
Алмас Әділ, Текелі қаласының әкімі:
- Проекті жобалауды бастадық. Енді осы қазан айында бітірсек экспертиза алып, желтоқсан айында бітіріп ары қарай бюджеттік комиссияға ұсынсақ сол мәселе шешілсе Текелінің бір проблемасы шешіледі. Қазіргі уақытта біз өз күшімізбен ұстап тұрмыз. Бір жыл ма екі жыл ма ары қарай бұның күші жетпейді. 86 процент тозығы жеткен өте күрделі мәселе.
2021 жылы елімізде Бочча федерациясы құрылды. Қазір республиканың он аймағында филиалы жұмыс істейді. Аталған ұйым президенті Мәулен Әшімбаев паралимпиадалық спорттың дамуымен танысты. Облыста тұрақты түрде жиырма бес бала жаттығады. Солардың бірі Қуаныш Асқарбеков. Ол биыл ел чемпионатын ұтып, құрлықтық бәсекеге жолдама алды.
Қуаныш Асқарбеков, паралимпиадалық боччадан Қазақстан чемпионы:
- Енді Құдай қаласа, Хуанджоу қаласында Азия чемпионатына қатысамын. Азия чемпионы болғым келеді. Ол үшін күнде жаттығу жасап жатырмын. Бұл ойын өте қарапайым бәрі түсіне алады. Ол маған ұнайды келешекте осы спорттан тренер болғым келеді.
Нұргүл Ұлжекова, ҚР бочча федерациясының баспасөз хатшысы:
- Бізде жалпы 150 ге жуық бочча спортымен айналысады. Оның ішінде сал ауруы, ДЦП, аутизм, көзі көрмейтін балалар, сау балалар да қатысады. Бочча негізі универсалды ойын. Өйткені ол тек қана физикалық жағынан емес ол тактикалық ойлау қабілетін дамытады.
Сенат төрағасы Талдықорғандағы №28 ІТ лицейіне барып оқу маусымына дайындығын тексерді. Биыл облыстағы мектептерде 130 мыңға жуық бала білім алады.
Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев