БҰҰ - әлем Қазақстаннан үлгі алуы тиіс

Ядролық қаруы бар мемлекеттер ядролық сынақтардан бас тарту жөніндегі міндеттемелерін растауы керек.

Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының Атқарушы хатшысы Роберт Флойд осылай деп мәлімдеді.

Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне арналған жоғары деңгейдегі пленарлық отырысы өтті.

Бұл жиын Қазақстан бастамасымен БҰҰ-ның төрінде жыл сайын тамыздың 29 өтеді. Қазақстан Семей полигонын жауып қана қоймай, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың күшіне енуіне тікелей ықпал етті. Әлем бойынша үлкен қозғалысқа негіз болды. Сондықтан БҰҰ Бас Ассамблеясының Төрағасы Чаба Кереши еліміздің рөлін ерекше атап өтті.

Роберт Флойд, Ядролық сынықтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының атқарушы хатшысы:

- Бұл күллі адамзат үшін маңызды күн. Қазақстан бұл күннің БҰҰ-ның күнтізбесіне енуіне тікелей ықпал жасады. Бұл әлемді ядролық қаруды сынаудан және түтеп келгенде ядролық қарудан мүлдем бас тартуға шақыратын күн. Әлем елдері нақты қадамдар жасауы тиіс.

Жарыса қаруланған алпауыттар арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуі ядролық қарудың әлем үшін қауіпін арттыра түсті. Сондықтан БҰҰ Бас Ассамблеясы төрағасының айтуынша, жаһандық ядролық сынақтарға тыйым салуды жүзеге асыру бойынша бірлескен іс-қимылдарды арттыру керек. Бұл орайда, БҰҰ-ның Қарусыздану істері жөніндегі Жоғары өкілі Изуми Накамицу әлем елдері Қазақстаннан үлгі алуы тиіс дейді.

Изуми Накамицу, БҰҰ қарусыздандыру істері жөніндегі жоғары өкілі:

- Семей ядролық сынақ полигонын жабу – тарихи маңызды шешім. Қазіргі ядролық қаруды сынауға қарсы халықаралық қозғалысқа мұрындық болды. Қазақстан бұл саладағы көшбасшылық рөлі арқылы бізге әркез ядролық қарудан азат әлем құрудағы бірлескен іс-қимылдарды күшейту керегін еске салып отырады. Бұл көшбасшылықты халықаралық қауымдастық жоғары бағлайды және БҰҰ Қазақстан үкіметінің әріптестігі мен қолдауына ризашылық білдіреді

Әлемді ядролық қарудан бас тарту үшін тағы да диалог пен нақты әрекеттерге шақырған Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Ақан Рахметуллин ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу үшін мемлекеттерден бөлек, қоғам өкілдерінің, соның ішінде жастардың күш-жігерін біріктіру керек дейді. 

Ал жаһандық бастамаға назар аудару мақсатында Қазақстанның Тұрақты Өкілдігі мен БҰҰ-ның Қарусыздану жөніндегі басқармасы бірлесіп, тамыздың 29-ын білдіретін 8,29 шақырым қашықтықты еңсеру акциясын ұйымдастырды. Бұл шараға атақты Голливуд актері Майкл Дуглас та қосылып, еліміз бен БҰҰ-ның осы бағыттағы күш-жігеріне қолдау білдірді.