Қазақстан ядролық қауіпсіздік көпіріне айнала алады
Қазақстан ядролық сынақтарға тыйым салу бойынша жұмысты азаттығын алғанға дейін де белсенді жүргізіп келген, қазір де осы майданның алдыңғы шебінде жүр.
Сондықтан қазақ елінің ядролық қарусыз әлем үшін бастамалары қолдауға ие.
Бұл туралы ядролық қарусыздану және адам құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған конференция алаңында біздің телеарнаға сұхбат берген Пагуош ғалымдар қозғалысы Женева офисінің басшысы Сергей Бацанов мәлімдеді.
Сондай-ақ ол ядролық сынақтардың құрбандарына көмек беру бойынша халықаралық сенімгерлік қорын құру ұсынысының да өзекті екенін атап көрсетті.
Қазақстан ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша диалогқа алтын көпір бола алады,-дейді Сергей Бацанов..
Cергей Бацанов, Пагуош ғалымдар қозғалысы Женева офисінің директоры:
- Қазақстанның ядролық қарусыздану бойынша өте бай және ауыз толтырып айтарлықтай тәжірибесі бар. Қазір бұл күрес өте маңызды кезеңде тұр деп ойлаймын. Адамзатты алаңдатқан жағдайлар бастан асады. Тіпті бұрыннан атқарылған шаруалардың өзі шатқаяқтап қалды. Халықаралық диалогқа да сызат түсті. Ғалымдардың Пагуош қозғалысының өкілі ретінде мен Қазақстанның аталған диалогқа мұрындық болуға жағрапиялық жағынан да, саяси салмақ тұрғысынан да өте зор мүмкіндігі бар деп есептеймін.