«Бизнестің жол картасы» мен «Қарапайым заттар экономикасы» біріктіріледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне тоқталды.
Соңғы жылдары қабылданған шаралардың арқасында шағын және ірі бизнес тұрақты дами бастады. Алайда орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де бәсең. Жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін оны «қолмен көтеруге» тура келеді. Ең алдымен, орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажет. Орта кәсіпкерліктің басым бөлігі әбден дамыған кезде бөлшектеніп кетеді. Өйткені оларға шағын бизнес деңгейінде қалған әлдеқайда «қолайлы» - деді ол.
Үкімет шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізуі керек.
Еліміздің нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындар көп емес. Оларға қолдау көрсету қажет. Мұндай кәсіпорындардың әрқайсысына қатысты нақты жоспар әзірлеу керек. Сол арқылы олардың өндіріс қабілетін арттырып, өнім көлемін екі-үш есе көбейту қажет. «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктірген жөн. Оны шағын және орта кәсіпкерлікті қолдайтын кешенді бағдарламаға айналдыру керек – деді Тоқаев.
Мемлекеттік қолдау шараларын өндірістің технологиялық күрделілігіне және бизнестің нақты түріне қарай жіктеу маңызды. Оның операциялық тиімділігі жоғары болуы да өте маңызды. Сондықтан «Бәйтерек» холдингінің құрылымын өзгертіп, оны кең ауқымда цифрландырған жөн.
Экспортты ұлғайтуға айрықша мән беру керек. Оның әдіс-тәсілдері болғанымен, жүйелі ұстаным жоқ. Осы орайда KazakhExport компаниясы экспортты дамытатын толыққанды институтқа айналады. Компанияға осы міндетті атқаруға қажетті құзырет берілуге тиіс. Бұдан бөлек, «Отбасы банктің» қызметін қайта қарау керек. Басты назарды облыс орталықтарына емес, аудандарға, моно-қалаларға және ауылдарға аударған жөн. Бәсекелестік дамымаса, бизнес те өркендемейді. Бұл – айдан анық. Қазір негізгі салалардың көбінде бірнеше ірі кәсіпорын басымдыққа ие болып отыр. Бұл жағдай нарықтағы шынайы ахуалды көрсете алмайды – деді Президент.