Шетелдік дипломаттар: Жолдаудың маңызы зор

Президент жолдауын қазақстандықтармен бірге елшілер де ұйып тыңдады.

Біздің елмен саяси, іскерлік және мәдени байланыс орнатуға бейілді дипломаттар Мемлекет басшысының жыл сайынғы стратегиялық үндеуінің маңызы жоғары деп бағалады. Олардың айтуынша, орта және ұзақ мерзімге белгілеген жоспар көпжақты қатынастардың ілгерілеуіне бағыт-бағдар береді. Елдің Жалпы ішкі өнімін арттыруда өнеркәсіптік базаны құру, озық технологияларды қолданып, халықаралық инвесторларды тарту – мұның бәрі сенімді серіктестермен бірлесе атқаратын маңызды міндет.

Кестутис Янкаускас, Қазақстандағы Еуропалық Одақтың Елшісі:

- Қайта өңдеу саласындағы кәсіпорындар мен жаңа жұмыс орындарын құру. Міне, осы бағытта мүдделеріміз тоғысады. Бұл салалардағы әріптестігіміз алдағы уақытта нығая түседі деген сенімдемін. Президент жаңартылатын энергетиканы дамыту жайын да айтып өтті. Мұнда да Қазақстанның әлеуеті зор. Маңғыстауға инвесторлар тартылып жатыр. Олардың саны ұлғаятынына сенімдімін. Еуроодақ пен Қазақстан бұл бағытта көп жылдан бері серіктес болып келеді. Бір сөзбен айтқанда, бірлесе жұмыс атқаратын сала жетерлік.

Эдвин Глусман, Израильдің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

- Израильдің Қазақстанмен бөлісер тәжірибесі мол, сол сияқты Қазақстаннан да үйренері көп. Экономикалық әрі білім тұрғысынан да екіжақты тиімді қатынас құрғымыз келеді. Қазақ басшысы тіршілік нәрінің құндылығы мұнай, газ бен бағалы металдан кем еместігін айтты. Меніңше, өте орынды айтылған пікір. Бұл – тек Қазақстанға тән түйткіл емес, бұл дүниежүзіндегі маңызы зор мәселе. Өзіндегі су ресурсын дұрыс басқара білген мемлекеттер болашақта бай мемлекеттер санатынан көрінбек. Қазақстанның бұл ретте мүмкіндігі зор.

 

Шетелдік инвесторлар Қазақстанмен тиімді экономикалық байланыс құруда қолайлы бизнес климатқа баса мән береді. Осы ретте дипломаттар жаһанға ортақ мәселелерді шеше отыра, бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екендерін жеткізді. Президенттің Жолдаудағы кәсіпкерлікке қатысты ой-пікірін құптап отыр.

Марко Альберти, Италияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

- Президенттің бизнес климат туралы айтқаны көңіліме қонды. Бизнес климат көбіне қоғам мен жеке сектордың өзара диалогына негізделеді. Біз осыған сенеміз. Сондай-ақ климаттың өзгеруі де жаһандық сипаттағы қатер. Осы ретте Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегіден ада мемлекетке айналу міндеттемесіне Италия қол ұшын созып отыр. Ақтөбеде бірлескен жобаны іске асыруға кірістік. Түркістан аймағында да жобамыз бар. Жүйелі жұмыс шетелдік инвесторлар үшін тартымды болатыны сөзсіз.

Мунтасер Абу Зейд, Палестинаның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

- Қазақстан – бай мемлекет. Қай елге болмасын, жақсы әкімші керек. Мұнай саласына инвестиция құйған талай шетелдік компания бар. Біз де елшілік тарапынан өз кәсіпорындарымызға қолдау көрсетеміз, сіздердің елдеріңіздегі оңтайлы мүмкіндіктер туралы айтамыз. Ауыл шаруалышығы, мұнай-газ, құрылыс саласын алып қарасақ, Қазақстанның қарқынды дамып жатқанын көреміз.