Биыл аудан әкімдерінің сайлауы өтуі мүмкін
Аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы жыл соңына дейін өтуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».
Нақты шешімді жергілікті мәслихаттар қабылдайды. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлаудың мерзімі белгіленгеннен кейін аймақтарда тиісті дайындық басталатынын жеткізді.
Бүгін Мемлекет басшысы аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттыру маңызды, - деген еді. Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына 2 жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерінің сайлауы өту тиіс.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Негізі осының алдындағы Жолдауында да осы мәселені көтерген болатын. Тиісті дайындық жұмыстарын біз Орталық сайлау комиссиясы аумақтық комиссиялармен бірге өткізіп жатырмыз. Негізі біздің бүкіл инфрақұрылымымыз бұл күрделі және жаңа сайлауды өткізуге толық дайын.