Шымкенттің жаңа әкіміне қандай міндет жүктелді?
Премьер-министр Әлихан Смайылов Шымкент қаласы активімен кездесіп, жаңа әкімге бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Үкімет басшысы Шымкент қолайлы экономикалық және іскерлік ортасы бар қала болуға тиіс екенін айтты. Ол үшін инвесторларға жағдай жасап, өнеркәсіптік жобаларды іске асыру керек. Шаһарда халық саны да өсіп келеді. Сол үшін бірқатар әлеуметтік нысанға салмақ түседі. Осыған байланысты мұнда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 мектеп салу жоспарланып отыр.
Үкімет басшысы Студенттер сарайы мен Шымкент қалалық опера және балет театры құрылысының маңызына да тоқталды. Одан бөлек, азық-түлік бағасын тұрақтандырып, ішкі нарықты отандық тауармен толықтыру, сауда-логистикалық орталықты кеңейту сынды тапсырмалар берді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Шымкент өмір сүруге барынша қолайлы қала болуы керек. Бүгінде қала – миллионнан астам халқы бар жетекші өнеркәсіптік және экономикалық орталықтардың бірі. Осыған байланысты тұрғындарды сапалы ауызсумен, электр және жылу қуатымен қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандарды жаңғырту мәселелерін шешу – жергілікті атқарушы биліктің алдына қойылатын басым міндеттер.