Қ. Тоқаевқа Қонаев қаласының бас жоспары таныстырылды
Әскери оқу-жаттығудан соң Мемлекет басшысы Қонаев қаласына барды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Президентке шаһардың жаңа бас жоспары таныстырылды. Облыс орталығы болған 1 жылдың ішінде Қонаев халқының саны 10 мыңға көбейген. Қазір 67 мың тұрғыны бар. Бас жоспарға сәйкес Қонаев енді солтүстік бағытта өседі. 2050 жылға дейін шаһар халқының саны 200 мыңға жетеді деген болжам бар. Жоспар бойынша Алматы қаласындағы өндіріс орындары Қонаевқа қарай бос экономикалық алаңға көшіріледі. Негізінен цифрландыруға басымдық беріліп отыр.
Бас жоспар 2050 жылға дейін арналған. Құжат 2 кезеңнен тұрады. Алғашқысында әкімшілік ғимараттар мен үйлер салынып, ескі тұрғын жай жөнделеді. Жағалау абаттандырылып, демалыс орындары ретке келтіріледі. Саябақтар салынады. Ал екінші кезеңде «Жаңа Іле» деген алаңда 97 мың адамға арналған қалашық пайда болады. Осы жерде ондаған оқу орны бой көтереді.
Болат Мұсылманбеков, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
- Қазіргі таңда 32 оқу орны қызығушылық көрсетіп отыр. Оның екеуімен әкіммен отырып, келісімшарттары жасалды. Индус, Ресей, Украин, өзіміздікінен бөлек, Түркия компаниялары оқу кампустарын салуға қызығушылық көрсетіп отыр. Сол себепті екінші қалашық көбіне жастар қаласы, студенттер қаласы болуы мүмкін.