Президент елорда әкімін қабылдады
Елордадағы 3-ші жылу электр орталығы мен газбен жылыту станцияларын алдағы күзде іске қосу жоспарланып отыр.
Олар сағатына 1100 Гкал энергия береді. Бұл Астанада жылуға деген сұранысты артығымен қамтамасыз етеді. Бүгін Президент қабылдауында болған елорда әкімі Жеңіс Қасымбек осылай деді. Шаһар басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа астананың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы жөнінде есеп берді. Биыл бас қалада 7 айда инвестиция көлемі 9,2 пайызға ұлғайып, 678,5 миллиард теңгеге жеткен. Жыл соңына дейін жалпы сомасы 87 миллиард теңге болатын 25 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Оның 15-і өңдеу өнеркәсібі саласында жүзеге асырылады. Сондай-ақ, Жеңіс Қасымбек биылғы оқу жылында Астанада 11 мектеп салынатынын, оның төртеуі қазір жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдары 90 мыңға жуық оқушыға арналған 24 білім беру нысаны бой көтереді. Оның 15-і қарқынды дамып келе жатқан Есіл және Нұра аудандарында салынбақ жоспарда. Кездесу соңында Президент қаланың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға, жылыту маусымына дайындығына және абаттандыру жұмыстарына қатысты бірқатар тапсырма берді.