Астана мен Тирана арасында тікелей әуе рейсі ашылуы мүмкін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Албания президенті Байрам Бегаймен кездесуінде осындай бастама көтерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Перзидент алдымен мәртебелі мейманды «Ақорда» резиденциясында салтанатпен қарсы алды. Кейін екі ел басшысы шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Сөйтіп, Албан елімен қай салада ынтымақтастық артады?

Бұл – тарихи кездесу. Себебі Албания президенті Қазақстанға ресми сапармен алғаш рет келіп тұр. Мәртебелі қонақты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жылы қарсы алды.

Мемлекет басшылары алдымен шағын құрамда келіссөз жүргізді. Жалпы Қазақстан мен Албания дипломатиялық қатынасты 1993 жылы орнатқан. Содан бері екі ел арасына жік түспеді. Бірақ ауыз толтырып айтарлықтай іскерлік байланыс та болмады. Өткенге көз тастасақ, екіжақты сауда 1995 жылы 18 мың АҚШ долларымен басталған. Бүгінге дейін азды-көпті алыс-беріс болды. Бірақ сауда жағынан тұрақты байланыс болмады. Енді көптеген салада тиімді ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік көбейді. Мұны Президент те атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздің ресми сапарыңыз өзара ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан өте маңызды. Қазақстан еліңізбен тығыз қарым-қатынас жасауға ниетті. Біз екі тараптың мүддесіне сай келетін көптеген салада өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік мол деп санаймыз. 2 аптадан соң елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Сіздің сапарыңыздың осы айтулы датамен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар.

Албанияның сыртқы экономикасы негізінен ЕО елдеріне бағытталған. Қазір Қазақстан Албанияға табиғи газ беріп, киім-кешек импорттайды. Биылғы 6 айда тауар айналымы 267 мың доллар болды. Екі елдің сауда айналымы біздің экспортқа қарап тұр деуге болады. Бүгінгі келіссөзден кейін өзге салаларда да байланыс нығаяды деген сенім бар. Албания президенті бірлесе жұмыс істеуге ниетті.

Байрам Бегай, Албания Республикасының президенті:

- Қазақстанға арнайы шақырғаныңыз үшін сізге ризашылығымды білдіремін. Өзіңіз айтқандай, бұл сапар дипломатиялық байланысымыздың 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл біздің саяси қарым-қатынасымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Енді экономикалық ынтымақтастығымызды одан әрі нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер тауып, бірлесе жұмыс істеуіміз керек.

Одан әрі келіссөз кеңейтілген құрамда жалғасты. Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің қарым-қатынасын одан әрі нығайту үшін зор мүмкіндік пен әлеует бар екенін айтты. Атап айтқанда, туризм, энергетика, көлік саласындағы байланыс талқыланды. Сондай-ақ екі ел астанасы арасында тікелей әуе рейсін ашу ұсынылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз Албанияны Балқан түбегіндегі өте маңызды серіктес ел ретінде қарастырамыз. Қазақстан мен Албанияны көптеген ортақ дүние байланыстырады. Біздің елдерімізде көптеген ұлт пен дін өкілдері мекен етеді. Сонымен қатар екі ел халқының да басым көпшілігі – мұсылмандар. Астаналарымыз арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігін қарастыру қажет. Қазақстан өзара ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін тағы да атап өткім келеді.

Біз үшін де, Албания үшін де туризмді дамытуға баса мән беріледі. Байрам Бегай екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйін жоғары бағалады.

Байрам Бегай, Албания Республикасының президенті:

- Біздің алғашқы кездесуіміз екі ел арасында сындарлы диалог басталғанын көрсетеді. Албания мен Қазақстан арасындағы ортақ мақсатқа сай іс-әрекеттеріміз жалғасады деп үміттенемін. Сонымен қатар экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшін әлеуетіміз мол. Біз осы мүмкіндікті пайдалана аламыз. Тау-кен, энергетика, ауыл шаруашылығы, туризм және инфрақұрылымдық даму салаларындағы өзара ынтымақтастығымызды нығайтқымыз келеді.

Бекзат Аманов, тілші:

- Қазақстан-Албания дипломатиялық қатынасының 30 жылдығына орай екі ел басшысы бірлескен мәлімдеме жасады. Президенттер өзара байланыстың дамуына жоғары баға берді. Әуе қатынасын ашуға мүдделік танытты. Сондай-ақ ынтымақтастықты тереңдетуге уағдаласып, бейбітшілікті нығайтуға деген ниеттерін білдірді. Айтпақшы, кездесу барысында Байрам Бегай Қасым-Жомарт Тоқаевты Албанияға сапармен келуге шақырды. Бұл Еуропаның тағы бір елімен достық қарым-қатынас артады деген сөз.

Авторлары: Бекзат Аманов, Ерлан Наурызбаев ПТКК.