Қазақ-албан байланысы нығаяды
Елге Албания президенті Байрам Бегай ресми сапармен келді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Құрметті қонақты алдымен «Ақорда» резиденциясында салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Кейін екі ел басшысы шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Енді қай салада ынтымақтастық артады? Мемлекет басшылары қандай келісім жасасты?
Қазақстан мен Албания 1993 жылы дипломатиялық қатынас құрды. Содан бері екі ел арасына жік түспеді. Бірақ ауыз толтырып айтарлықтай іскерлік байланыс та болмады. Сол үшін бүгінгі сапардың маңызы жоғары.
Бекзат Аманов, тілші:
- Албания Президенті ресми сапармен елге алғаш рет келіп тұр. Басты мақсат – екі ел арасындағы ынтымақтастық арттыру. Сапар аясында сауда-экономика, көлік-логистика, инвестиция һәм гуманитарлық сала бойынша келіссөз жүргізіледі. Сонымен қатар халықаралық және өңірлік жағдайлар талқыланады.
Рапорт берілді, қос мемлекеттің әнұраны шырқалды. Сосын шағын, одан әрі кеңейтілген құрамда келіссөз өтті. Өткенге көз тастасақ, екіжақты сауда 1995 жылы 18 мың АҚШ долларымен басталған. Бүгінге дейін азды-көпті алыс-беріс болды. Бірақ сауда жағынан тұрақты байланыс болмады. Енді көптеген салада тиімді ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік көбейді. Мұны Президент те атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіздің ресми сапарыңыз өзара ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан өте маңызды. Қазақстан еліңізбен тығыз қарым-қатынас жасауға ниетті. Біз екі тараптың мүддесіне сай келетін көптеген салада өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік мол деп санаймыз. 2 аптадан соң елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Сіздің сапарыңыздың осы айтулы датамен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар.
Иә, екі елдің ынтымағы артса, біраз салаға серпіліс жасауға болады. Кездесуде туризм, энергетика, көлік саласындағы байланыс айтылды. Сондай-ақ екі ел астанасы арасында тікелей әуе рейсін ашу ұсынылды. Біз үшін де, Албания үшін де туризмді дамытуға баса мән беріледі.
Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:
- Албаниядан 211 адам келсе, 3 жлдың арасында біздің отанымыздан 3-ақ адам турист барыпты. Сондықтан осы жұмысты пысықтап, басқа жолға қою керек. Енді бүгін көп шешім болады, көреміз. Осы жұмыс басқа деңгейге қойылады деп ойлаймыз.
Албанияның сыртқы экономикасы негізінен ЕО елдеріне бағытталған. Қазір Қазақстан Албанияға табиғи газ беріп, киім-кешек импорттайды. Екі елдің сауда айналымы біздің экспортқа қарап тұр деуге болады. Бүгінгі келіссөзден кейін өзге салаларда да байланыс нығаяды деген сенім бар. Албания президенті бірлесе жұмыс істеуге ниетті.
Байрам Бегай, Албания Республикасының президенті:
- Қазақстанға арнайы шақырғаныңыз үшін сізге ризашылығымды білдіремін. Өзіңіз айтқандай, бұл сапар дипломатиялық байланысымыздың 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл біздің саяси қарым-қатынасымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Енді экономикалық ынтымақтастығымызды одан әрі нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер тауып, бірлесе жұмыс істеуіміз керек.
Қазақстан газ ғана емес, ауылшаруашылық өнімдерін де экспорттауға дайын. Президент Албанияны Балқан түбегіндегі өте маңызды серіктес екенін айтты.
Себебі тараптардың көптеген саланы бірге серпілтуге қабілеті жетеді. Кездесу барысында Байрам Бегай Қасым-Жомарт Тоқаевты Албанияға сапармен келуге шақырды. Бұл – Еуропаның тағы бір елімен достық қарым-қатынас артады деген сөз.
Авторлары: Бекзат Аманов, Ерлан Наурызбаев, ПТКК.