Душанбеде бауырлас бес елдің басшысы бас қосты
Соңғы 5 жылдың ішінде Орталық Азия елдері арасындағы сауда айналымы 80 процентке өсіп, 10 млрд долларға жетті.
Бұл туралы бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бесінші консультативтік кездесуінде айтты. Душанбеде өткен келелі кеңесте Мемлекет басшысы негізгі 5 мәселеге тоқталды. Ең алдымен елдер арасындағы сауда айналымын одан әрі арттыра беру маңызды. Алдағы меже – өзара алыс-беріс көлемін 15 млрд долларға жеткізіп, өзге елдерге өнім экспорттауды көбейту. Ал, ол үшін күш біріктірмей болмайды. Сондықтан, Қасым-Жомарт Тоқаев, өнеркәсіптік кооперация құруды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінде жаһандық өндірісте қысқа, аймақтық, орнықты жеткізу тізбектерінің қалыптасу үрдісі байқалады. Осы орайда азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс және химия өнеркәсібі салаларында тауар өндіру бойынша кластерлік кооперациялық жобалар жасау ісінің әлеуеті зор. Осыған байланысты Орталық Азия мемлекеттерінің өнеркәсіптік кооперациясын дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеуді ұсынамын. Бұл жоспар тауарлардың жекелеген түрлерін өндірудің тұйық циклін қалыптастырып, алдағы уақытта үшінші елдердің нарықтарына экспорттауға бағытталар еді.
Үшіншіден, Орталық Азия елдері арасындағы көлік-логистикалық әлеуетін толыққанды пайдалану қажет. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, бұл сала, аймақтың қарқынды дамуына негізгі тірек бола алады. Себебі, Қытай-Еуропа, Ресей-Таяу Шығыс бағыттарындағы сауда-саттық көлемі ұлғаяды деген болжам бар. Ал Орталық Азия - Солтүстік пен Оңтүстікті, Батыс пен Шығысты байланыстыратын тоғыз жолдың торабында орналасқан. «Ақпараттық технология дамыған заманда жасанды интеллектің мүмкіндігін де естен шығаруға болмайды. Сарапшылардың сөзінше, 10 жылдан кейін әлемде көрсетілетін қызметтер мен тауарлар электронды порталдарға жайғастырылады. Сондықтан, соған қарай ыңғайланған абзал. Ал бұл тұста Қазақстанның жетістігі мол. Біздің елде мемлекеттік қызметтердің 90 проценті онлайн көрсетіледі. Маңайда геосаяси шиеленістің өршіп бара жатқанын да қаперде ұстаған жөн. Оған тек жұмыла қарсы тұра аламыз», - деді, Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне арнайы тоқталғым келеді. Өңірдегі демографиялық өсімнің орнықты екенін ескерсек, білім және ғылым саласындағы байланыстарды кеңейтудің маңызы арта түседі. Қазақстан, Орталық Азия мемлекеттерімен жоғары оқу орындары арасындағы өзара ықпалдастықты белсенді түрде дамытып келеді. Былтыр Қырғызстанда Қазақстанның жоғары оқу орындарының филиалдары ашылды. Сонымен қатар Тәжікстанның жоғары оқу орындары базасында бірлескен факультеттер ашу ісі қарастырылып жатыр. Қазақстан мен Өзбекстанда екі елдің жетекші университеттерінің филиалдарын ашу көзделуде. Бұл маңызды саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге біздің Душанбедегі кездесуіміз аясында 2-ші Ректорлар форумы мен Орталық Азия елдері ғалымдарының 1-ші форумын өткізу өз септігін тигізеді.