Мемлекет басшысы Душанбеде өткен кеңесте негізгі 5 мәселеге тоқталды
Соңғы 5 жылдың ішінде Орталық Азия елдері арасындағы сауда айналымы 80 процентке өсіп, 10 млрд долларға жетті.
Бұл туралы бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бесінші консультативтік кездесуінде айтты. Жиынға Қазақстаннан бөлек, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Түрікменстан Президенттері қатысты. Душанбеде өткен келелі кеңесте Мемлекет басшысы негізгі 5 мәселеге тоқталды.
Бұл жиынның тарихы Қазақстаннан бастау алады. Алғашқы отырысы 2018 жылы Астанада өтті. Содан бері Орталық Азия елдерінде кезек-кезек өткізіліп келеді. Соңғы кездесу былтыр Қырғызстанда ұйымдастырылса, биыл бауырлас елдердің басшыларын Тәжікстан тарапы қарсы алып отыр. Ал келелі кеңесте көптеген мәселе талқыланады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, солардың негізгілеріне тоқталды.
Өзара сауда-саттық артып келеді
Ең алдымен елдер арасындағы сауда айналымын одан әрі арттыра беру маңызды. Алдағы меже – өзара алыс-беріс көлемін 15 млрд долларға жеткізіп, өзге елдерге өнім экспорттауды көбейту.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан өңірдегі елдерге өз экспортын 175 шикізаттық емес тауар түрі бойынша ұлғайта алар еді. Елдеріміздің іскер топтары сауда айналымын кеңейтетін негізгі жетекші күш болуға тиіс деп санаймын. Сондықтан, менің ойымша, оларға қолайлы орта қалыптастыру жұмысына баса мән беру керек. Кәсіпорындар арасында тікелей байланыс орнату үшін тауар өндірушілердің бірыңғай электронды базасын құруды ұсынамыз. Мысалы, оны Central Asia Gateway порталы аясында іске асыруға болады.
Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев, әріптестеріне өнеркәсіптік кооперация құруды ұсынды. Бұл, елдер арасында бірлескен кәсіпорындар ашып, шекара маңында арнайы экономикалық аумақтар құрып, құрғақ порттар салу деген сөз. Мұндай жобалар өзара алыс-берісті арттырып қана қоймай, үшінші елдерге өнім экспорттауға мүмкіндік береді.
ОА елдерінің көлік-логистикалық әлеуеті зор
Сондай-ақ, Орталық Азия елдерінің көлік-логистикалық әлеуетін толыққанды пайдалану қажет. Мемлекет басшысының сөзінше, бұл сала, аймақтың қарқынды дамуына негізгі тірек бола алады. Себебі, Қытай-Еуропа, Ресей-Таяу Шығыс бағыттарындағы сауда-саттық көлемі ұлғаяды деген болжам бар. Ал Орталық Азия - Солтүстік пен Оңтүстікті, Батыс пен Шығысты байланыстыратын тоғыз жолдың торабында орналасқан.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бізге бауырлас мемлекеттермен бірлесіп, өңір ішіндегі сауда-саттыққа кедергі келтіретін «осал тұстарды» реттеу үшін көлік және логистика инфрақұрылымын дамыту жұмысын жалғастыру өте маңызды. Қазақстан жақын серіктестерімен экономикалық байланыстарды кеңейтуге ықпал ететін бірқатар ірі жобаны жедел жүзеге асыруды көздейді. Бұл жерде «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол жобалары, сондай-ақ «Жаңаөзен – Түркіменстан шекарасы» автомобиль жолы туралы сөз болып отыр. Жалпы, Қазақстан Еуразияның транзиттік хабы ретінде өз рөлін күшейтуге ниетті.
Қ.Тоқаев: Ақпараттық технологияны дамыту қажет
Ақпараттық технология дамыған заманда жасанды интеллектің мүмкіндігін де естен шығаруға болмайды. Сарапшылардың сөзінше, 10 жылдан кейін әлемде көрсетілетін қызметтер мен тауарлар электронды порталдарға жайғастырылады. Сондықтан, соған қарай ыңғайланған абзал. Ал, бұл тұста Қазақстанның жетістігі мол. Біздің елде мемлекеттік қызметтердің 90 проценті онлайн көрсетіледі. Маңайда геосаяси шиеленістің өршіп бара жатқанын да қаперде ұстаған жөн. Оған тек жұмыла қарсы тұра аламыз, - деген Президент, 2024 жылы қауіпсіздік кеңесі хатшыларының жиынын Қазақстанда өткізуді ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Геосаяси шиеленістің күшеюіне байланысты бізге өңірдің тұрақтылығын, қауіпсіздігін және орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін күш-жігерімізді біріктіру аса маңызды. XXI ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартта аталған игі міндеттерді орындаудың өзара оңтайлы формуласы бекітілген деп ойлаймын. Бүгінде біздің басты міндетіміз – осы құжаттың тезірек күшіне енуін қамтамасыз ету. Бұл Шарт, мемлекеттеріміздің кемеліне келгеніне және өз аймағымыздың тағдырын дербес анықтауға дайын екеніне айқын саяси дәлел болады.
Орталық Азияға әлем назары ауа бастады
Cоңғы жылдары Орталық Азияға әлем елдерінің назары ауа бастады. Оған «Орталық Азия +» форматы аясындағы ынтымақтастық дәлел. Енді осы бағыттың бізге тиімді болуы үшін ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, олардың сапасын арттыра түсу қажет. Ал жаһанды біз береке-бірлігімізбен, сан алуан салт-дәстүрімізбен және табиғатымен тамсандыра аламыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Орталық Азия» туристік брендін бірге насихаттай отырып, елдеріміздің бірегей табиғатын және өзіне тән бай мәдениетін бүкіл әлемге таныстыруға керемет мүмкіндігіміз бар. Ақпараттық кеңістіктегі ынтымақтастықты жандандырудың келешегі зор. Жоғары сапалы ортақ медиажобаларды жүзеге асыру, соның ішінде жалпыөңірлік телеарна, жаңалықтар сайтын құру ісіне кірісуді ұсынамын.
Мәдени-гуманитарлық байланыс та маңызды
Бұдан бөлек өзара мәдени-гуманитарлық байланыс одан әрі нығая беруі тиіс. Бұл тұста да Қазақстан өзгелерге үлгі. Былтыр Қырғызстанда Қазақстанның жоғары оқу орындарының филиалдары ашылса, қазір Тәжікстанның жоғары оқу орындары базасында бірлескен факультеттер ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Дәл осындай жоба Өзбекстанмен де жүзеге асырылады. Ал мұның барлығы достығымызды күшейте бермек. Саммит қорытындысы бойынша 5 ел жастар саясатын бірге дамытуға және көлік байланысын жетілдіруге уағдаласты.
Дамир Берікұлы, тілші:
- Жиын соңында Тәжікстан тарапы аталған саммитке төрағалық ету мәртебесін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Яғни, келесі жылы Орталық Азия елдері басшыларының 6-шы консультативтік кездесуі Қазақстанда өтеді.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Марат Диханбаев, Бақытбек Нұртаев