Корей ғалымдары Президент жолдауын талқылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы жайында корей ғалымдары да өз пікірлерін айтып жатыр.

Әсіресе елде Атом Электр Станциясын салуға қатысты мәселе референдум арқылы шешіледі - деген президент бастамасын қолдап, мұны батыл шешім деп баға берді.

2017-2020 жылдар аралығында Корей мемлекетінің Қазақстандағы елшісі болған Ким Дэ Сиктің пайымынша, Президенттің электрстанциялар туралы қозғаған мәселесі – батыл шешім. Мықты стратег әрі демократиялық процеске берік білікті басшының бұл бастамасы елдің ішкі интеграциясы, тұрақтылық пен ашықтығы үшін маңызды -дейді.

Цитата

Ким Дэ Сик, Корей мемлекетінің Қазақстандағы бұрынғы елшісі:

- Жапониядағы Фукусимадағы апаттан кейін әлем жұртшылығының атом электр станцияларынан қауіп барын байқағаны рас. Соған қарамастан Ұлыбритания, Финляндия және Қытай сынды ірі мемлекеттер атом электр станцияларының құрылысын жалғастыруда. Себебі ол үнемді және экологиялық таза энергия ретінде жоғары бағаланады. Ал Қазақстанның уран өндіріп, экспортқа шығаруда көш басында екенін ескерсек, атом электр станцияларын салу дұрыс шешім.

Президент осыдан 2 жыл бұрын «2060 жылға  дейін  көміртекті  бейтараптыққа қол жеткізу  доктринасында» жаңартылған энергетикалық жүйеге көшу жоспарын жариялады. Биылғы Жолдауында да дәл осы ауқымды тақырыпты қайта көтерді. Сондықтан әлем елдері арасында ядролық қаруды бейбіт мақсатта пайдалану тұрғысынан тәжірибесі мол Қазақстан үшін атом электр станциясының жобасы ерекше мәнге ие, - дейді Орталық Азия институының профессоры Ким Санг-Чул.

Әлемдегі ең ірі уран өндіруші Қазақстанның атом энергиясын өндіру әлеуеті жоғары. Тұрақты энергиямен қамтылу елдің берік өнеркәсіптік негізінің қарқынды дамуына ықпал етеді. Корей халықаралық экономикалық саясат университетінің ғылыми қызметкері Чон Мин Хеннің пайымынша, жоба негізінде екі ел арасында төмендегідей ынтымақтастық келісім жүзеге асады.

Цитата

Чон Мин Хен, Корей халықаралық экономикалық саясат университетінің ғылыми қызметкері:

- Екі ел арасындағы ядролық ынтымақтастық материалдық қана емес, адами ресурстарды да бірлескен негізде қамтуы тиіс. Шұғыл материалдық ынтымақтастық атом электр станциясын салуды, техникалық қызмет көрсетуді қамтиды. Адами ресурстарға келетін болсақ, қос мемлекет арасында ядролық салаға байланысты кәсіптік оқыту жобалары шеңберінде білім алмасуға күш салу керек.

Ядролық отынның ең ірі өндірушісі саналатын еліміз энергетикалық жүйе қалыптастыру үшін жоғары мүмкіндіктерге ие. Бастама іске асса, экономикалық дамуымыз тұрақты, мемлекетіміз қуатты болады деген сенім бар. Корей ғалымдарының ортақ пайымы осыған саяды.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева