Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылғанына 30 жыл толды
Мемлекет басшысының Аралды құтқару жөніндегі жиындағы баяндамасы.
«Біздің бүгінгі кездесуіміздің символдық мәні зор. Биыл Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) құрылғанына 30 жыл толды.
Қор құрылғаннан бергі уақыт аралығында трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану, Арал теңізі бассейніндегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу мәселелері бойынша аймақтық ынтымақтастықтың маңызды институтына айналды.
Орталық Азияның қауіпсіздігін, тұрақтылығын және орнықты дамуын қамтамасыз ету ісінде Қор зор рөл атқарады. Бұған қоса ХАҚҚ – халықаралық аренада Орталық Азияның субъектілігін танытатын аймақтық ынтымақтастықтың санаулы табысты механизмдерінің бірі.
Жаһандық климаттық өзгерістер, су тапшылығы кезеңінің басталуы және суармалы егістікке судың жетіспеушілігі Орталық Азияның қауіпсіздігіне қатер төндіреді.
Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сәйкес біздің аймақтағы температура жер шарындағы орташа көрсеткішпен салыстырғанда, әлдеқайда тез көтеріліп келеді. Бұл Арал теңізі бассейнінің негізгі су көзі саналатын мұздықтар көлемінің кішіреюіне әкеп соқтырады. Олардың көлемі соңғы 50 жылда 30 пайызға кішірейген.
Сарапшылардың бағалауы бойынша 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы қуаңшылық жылына ЖІӨ-нің 1,3 пайыз мөлшерінде зиян келтіруі мүмкін. Бұл 5 миллионға жуық ішкі «климаттық» мигранттың пайда болуына түрткі болады.
Сонымен қатар біз суды тиімсіз пайдалану және экологиялық зардаптарды елемеу проблемаларымен бетпе-бет келіп отырмыз. Біздің өңірдегі Сырдария мен Амудария секілді екі негізгі өзен сулары арнасының реттелу дәрежесі тым жоғары. Бұл өзендердің бассейндерінде жалпы көлемі шамамен 65 текше километрге жететін 80-нен астам су қоймасы салынған.
Осылайша, антропогендік жүктеме артып, табиғатты экстенсивті пайдалану жалғасады және әртүрлі әлеуметтік-экологиялық проблемалар ушығады деген болжам бар. Мұның бәрі аймақтық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіреді.
Қазақ халқында «Су – ырыстың көзі» деген мақал бар. Мемлекеттеріміз су саясатын қалыптастыру кезінде судың шектеулі табиғи ресурс екенін ескеруге тиіс деп санаймын. Себебі бүкіл аймақтың әл-ауқаты мен тұрақты дамуы суға тікелей байланысты.
Цифрлық технологияларды енгізу арқылы суды барынша үнемдеу мәселесі – өте өзекті. Бұл біздің су ресурстары жөніндегі ынтымақтастығымыздың негізгі бағыты бола алады.
Жуырдағы Жолдауымда мен су мәселесіне ерекше назар аудардым. Менің тапсырмам бойынша Қазақстанда осы саланың өзекті мәселелерімен тікелей айналысатын жеке ведомство – Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Барлық көршілес мемлекеттермен конструктивті қарым-қатынас жасаймыз деп сенемін.
Ұйымды одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарымды ортаға салғым келеді.
БІРІНШІ. Қордың ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру процесін тезірек аяқтау маңызды мәселе болып қала береді.
Қордың басқармасы мен Атқарушы комитетінің өкілеттілігін және жауапкершілігін кеңейткен жөн. Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясын Мемлекетаралық су-энергетикалық комиссия ретінде қайта құруды ұсынамыз. Бұл шаралар Қордың тиімділігін арттырар еді.
ЕКІНШІ. Аймақтағы барлық елдің ирригация, гидроэнергетика және экология салаларындағы мүдделерін ескере отырып, Орталық Азияның су-энергетика ресурстарын тиімді пайдалану үшін ұзақ мерзімді әрі орнықты аймақтық ынтымақтастық механизмін құру.
Біздің ойымызша, Халықаралық су-энергетика концорциумы осындай механизмнің рөлін атқара алар еді.
ҮШІНШІ. Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарын есепке алатын, мониторинг жасайтын, басқаратын және бөлетін бірыңғай автоматтандырылған жүйе енгізу бойынша жұмыс жоспарын әзірлеу.
Бұл бастаманың жүзеге асырылуы аймақтағы суды пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етіп, Орталық Азия елдерімен арадағы диалогты және достықты нығайтуға ықпал етеді.
Тағы бір маңызды бастаманың бірі – Орталық Азия елдерінің климат мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін құру. Бұл қадам климаттың өзгеруіне бейімделу және оның салдарын азайту үшін пәрменді шаралар әзірлеуге мүмкіндік береді.
Біз Бішкектің Қорды жетілдіру жөніндегі Жұмыс тобының қызметіне атсалысуын оң бағалаймыз. Қырғыз Республикасы қайтадан Халықаралық Аралды құтқару қорының толыққанды мүшесі болады деп үміттенеміз. Келешекте біз бауырлас Қырғызстанның Қорға төрағалық етуін қуана құптаймыз.
Бүгінгі саммит тығыз ынтымақтастық, өзара тиімді серіктестік жасау және бір-біріміздің мүдделерімізді құрметтеу арқылы ғана аймағымыздың тұрақты дамуын, қауіпсіздігі мен экономикалық әл-ауқатын қамтамасыз ете алатынын анық көрсетіп отыр.
Біздің кездесуіміз су саласындағы өңірлік ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін шешімдерді уақтылы және бірлесе қабылдауға мүмкіндік береді деп сенемін.
Жоғары деңгейдегі келесі кездесуді өзім бастамашы болған БҰҰ аясындағы аймақтық климаттық саммитпен біріктіре отырып, 2026 жылы Қазақстанда өткізуді ұсынамын.
Сөзімді қорытындылай келе, Қор қызметін мүлде жаңа деңгейге көтеру үшін Қазақстан бар күш-жігерін жұмсауға дайын екенін тағы да растағым келеді.
Қор жұмысына барлық құрылтайшы мемлекеттің белсенді араласуы су мәселесін тиімді шешуге және аймақтық интеграцияның одан әрі нығаюына ықпал етеріне сенімдімін».