Мемлекет басшысы Мажарстан Президенті Каталин Новакпен келіссөз жүргізді

Осыдан соң Президент екіжақты келіссөз жүргізді. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 78-ші сессиясының аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Президенті Каталин Новакпен кездесті.

Мемлекет басшысы бауырлас халықтар арасында тарихи және мәдени байланыстарға негізделген стратегиялық серіктестік орнағанын атап өтті. Президент Мажарстанның түркі ынтымақтастығын нығайтудағы белсенді ұстанымын және елеулі үлесін жоғары бағалады. Осыдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қараша айында Қазақстанда Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық 10-шы саммиті өтетінін айтып, аталған жиынға Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан қатысады деп жоспарланып отырғанын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Еліміздің Мажарстанмен тығыз ынтымақтастық орнатқанын атап өткім келеді. Елдеріміз арасында өте сенімді, дәстүрлі байланыс қалыптасқан. Біз екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі деңгейін жоғары бағалаймыз. Осы сәтті пайдаланып, Сізді Қазақстанға сапармен келуге шақырамын. Сонымен қатар Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Премьер-министр Виктор Орбан мырзамен кездесеміз деп үміттенемін.

Астана көшесіне Мажарстанның ұлт ақынының есімі беріледі

Келіссөз барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты талқылады. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы байланыстарды нығайту мақсатында Астана көшелерінің біріне Мажарстанның ұлт ақыны Шандор Петефидің есімі берілетінін айтты. Президенттер мемлекеттеріміз арасындағы өзара тауар айналымын ұлғайтуға бағытталған бірлескен шаралар қабылдау, сондай-ақ ынтымақтастықтың екіжақты тетігін жандандыру маңызды екенін атап өтті.