Мемлекет басшысы Иран президентімен кездесті

Ақорда

Қазақстан мен Иран экономикалық жоспарды жүзеге асыру үшін үкіметаралық байланысты жандандырады.

Екі ел президенттері Нью-Йоркте кездесіп, осындай келісімге келді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Каспий теңізі аймағындағы стратегиялық серіктесі ретінде Иранмен екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға баса мән беретінін айтты. Келіссөз барысында тараптар көлік, логистика және сауда-саттық салаларына серпін беру үшін кешенді шаралар қабылдау маңызды екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз виза рәсіміне, сондай-ақ адамдар мен бизнестің өзара қарым-қатынасына қатысты өте пайдалы уағдаластықтарға қол жеткіздік. Қазақстан тарапы Иранмен арадағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін атап өткім келеді. Екі ел үкіметтері бұған дейін Тегеранда қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру үшін тиісті шаралар қабылдауы қажет. Мен Қазақстанда сізбен тағы да кездесуді асыға күтемін.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бендер-Аббас портында Қазақстанның сауда терминалын салудың маңызды екенін айтты. Өз кезегінде Ибрахим Раиси: «Қазақстан мен Иранды достық пен өзара қолдауға негізделген үлгілі қатынастар байланыстырады», - деді.

Жалпы тараптар көлік-транзитін дамыту үшін зор әлеует бар екенін атап өтті. Өзара сауда-саттықты күшейтіп, Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдауға «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолының мүмкіндігін кеңінен пайдалану да маңызды.

Ибрахим Раиси, Иран Ислам Республикасының президенті:

- Иран мен Қазақстан арасында өте жақсы екіжақты қарым-қатынас қалыптасқан. Мұндай жоғары деңгейдегі серіктестік бізге өзара байланыстарды, әсіресе сауда саласындағы қарым-қатынасымызды одан әрі дамыту үшін нақты қадамдар жасауға жетелейді. Біз бауырлас Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге ниеттіміз. Елдеріміздің әлеуеттері зор және осы мүмкіндіктерді пайдалану біздің ортақ игілігімізге қызмет етеді.