Самат Әбішті сотқа дейінгі тергеуді арнайы прокурорлар жүргізіп жатыр

Бас прокуратураның Арнайы прокурорлары Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты қаңтар оқиғалары кезінде билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру жүргізуде.

Тергеу құпия құжаттаманың едәуір көлемін зерделеумен байланысты. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды деп хабарлайды бас прокуратура.

Сонымен қатар қадағалау ведомствосы Конституция нормаларына сәйкес заң мен сот алдында бәрі тең екенін атап өтті. Тергеу қорытындысы бойынша заңды іс жүргізу шешімі қабылданатын болады.