Қазақстан мен Румыния қатынасы қарқын алады

Қазақстан мен Румыния арасында сауда-экономикалық қарым-қатынасқа тың серпін беру үшін үкіметаралық комиссияның және іскерлік кеңестің жұмысын жандандыру керек.

Мемлекет басшысы осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен ұлттар ұйымы Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясы аясында Румыния Президенті Клаус Йоханниспен кездесті. Қазір сауда-экономикалық байланыс қарқынды. Румыния – еліміздің Шығыс Еуропадағы жетекші сауда серіктесі. Екіжақты сауда-саттық көлемі бүгінде 20 пайызға артып, 1,3 миллиард долларға жеткен.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз Румынияны достас мемлекет ретінде қарастырамыз. Сіздің елдің тарихына, жүргізіп отырған саясатыңызға және халқыңыздың дәстүріне құрметпен қараймыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесін Астана халықаралық форумына шақырды. Өз кезегінде Клаус Йоханнис Қазақстан мен Румыния арасындағы екі жақты ынтымақтасты одан әрі дамытуға ниетті екенін жеткізді.

Клаус Йоханнис Румыния Президенті

- Мен және менің командам бүгін сіздермен осы жерде кездескеніміз үшін қуаныштымыз. Өйткені біз сенімді экономикалық және саяси серіктес елдерміз. Осы кездесу алдында мемлекеттеріміздің өзара қарым-қатынасының тарихымен таныстым. Сізбен саяси диалогты жоғары деңгейде нығайтуға зор мүмкіндік бар деп ойлаймын.