Президент БҰҰ БА сессиясында өзекті мәселелерді қамтыды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында сөйледі.
Мемлекет басшысы әлемдік бейбітшілктен бастап, климаттың өзгеруі, азық-түлік дағдарысы, су тапшылығы сияқты адамзат баласы бетпе-бет келген өзекті мәселелерді қамтыды. «Әлем үлкен сын-қатерлерге тап болып, геосаяси қақтығыстардың жаңа кезеңіне өтті. Оған БҰҰ Жарғысындағы халықаралық құқықтың негізгі принциптерінің бір мезетте бұзылуы себеп болып отыр», - деді Мемлекет басшысы.
Нұрбек Бекен, тілші:
- Бүгінде адамзат баласы бұрын соңды болмаған сын-қатерлерге тап болып отыр. Геосаяси жағдай күрделеніп барады. Сондықтан Қазақстан президенті халықаралық дауларды шешу үшін әрқашан дипломатия мен диалогқа сүйену керегін айтты. Сондықтан қазіргі жаһандық институттардың жалғыз жүйесін тұрақтандыруға барынша күш салуымыз қажет, деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қауіпсіздік Кеңесіне жан-жақты реформа жасамай, біз аталған қиындықтарды жеңе алмаймыз. Бұл – адамзат баласының басым көпшілігінің мүддесіне сай келетін заманымыздың ең үлкен қажеттілігі. Кеңесте «орта державалардың» және барлық дамушы елдердің үні күшейетініне, анық естілетініне кәміл сенемін. Байқауымызша, Қауіпсіздік Кеңесі тығырықтан шыға алмайтын сияқты. Сондықтан бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауда маңызды рөл атқара алуы үшін оның құрамында басқа елдер, соның ішінде Қазақстан да болуы керек.
Нұрбек Бекен, тілші:
- Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы ретінде Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы бастама көтерді. Осы игі іске өзге де елдерді қосылуға шақырды. Бұл – жаңа қауіпсіздік парадигмасын, әділ экономикалық ортаны және таза планетаны қамтитын бастама, деді президент.
Қазіргі сын-қатерлердің ішінде ядролық қаруды қолдану қаупі ең жойқыны болуы мүмкін, екенін ескертті. Сондықтан қазақ елі БҰҰ-ның Бас хатшысы ұсынған «Бейбітшіліктің жаңа күн тәртібін» қолдайды. Бұл стратегиялық құжат әлемде белең алған сенімсіздік пен өшпенділікке қарсы тұруы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жуырда қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілері болды. Біз осы жағдайға алаңдаушылық білдіреміз. Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс.
Нұрбек Бекен, тілші:
- Бейбітшілік өзара құрмет қағидаттарына негізделетінін айтқан мемлекет басшысы Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің орынын ерекше атады.
Былтыр жер шарындағы халықтың 10 пайызға жуығы аштықтан зардап шеккен.
Сондықтан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігінің анағұрлым мінсіз жүйесін құруды ұсынды. Бұл ретте еліміз аймақта азық-түлік жеткізуші хабқа айналуға дайын. Ол үшін қажетті ресурс, инфрақұрылым және логистика бар. Қазақстан қазірдің өзінде Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтық жүк тасымалының 80 пайызға жуығы өтетін сенімді бағыт саналады. Ал Транскаспий халықаралық көлік бағдары Шығыс пен Батыс арасындағы өзара қатынастарды едәуір нығайта алады. Бұл бағыт теңіз жолымен жүк тасымалдауға кететін уақытты екі есеге жуық қысқартуға мүмкіндік береді. Сессияда президент климаттың өзгеруіне де тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл ретте қатер, ең алдымен, Орталық Азияға төніп тұр. Тіпті 2030 жылға қарай жаһандық температураның 1,5 градусқа көтерілуін шектей алғанның өзінде, Орталық Азиядағы температураның 2,-2,5 градусқа дейін көтерілуімен бетпе-бет келеміз. Алайда тиісті қаржыландыру болмаса, климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі ауқымды жоспар жүзеге асырылмайды. Осыған орай біз Қазақстанда әділетті энергетикалық жүйеге көшу бағдарламасын (Just Energy Transition Partnership) іске қосуды ұсынамыз.
Нұрбек Бекен, тілші:
- Алматыда Орталық Азия үшін климат өзгерісі мен жасыл энергетика бойынша Жобалық кеңсе ашу жөніндегі Қазақстанның бастамасы осы мәселелерді шешуге ықпал ете алады. Оның үстіне 2026 жылы БҰҰ аясында Қазақстанда Аймақтық климаттық саммит өткізуді жоспарлап отырмыз.
Президент аймақтағы су тапшылығына да тоқталды. Жалпы қазір әлем жұртшылығы су мәселесіне кезігіп отыр. 2040 жылға қарай суға сұраныс 40 пайыздан асып кетуі мүмкін. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін саяси күш-жігер мен экономикалық ресурстарды бірлесіп жұмылдыруға шақырды.