Қ. Тоқаев Орталық Азия мен АҚШ мемлекеттері басшыларының саммитіне қатысты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте Орталық Азия мен АҚШ мемлекеттері басшыларының саммитіне қатысты.
Жиында С5+1 серіктестігі арқылы экономика, энергетика және қауіпсіздік саласында Орталық Азияның егемендігін, орнықты дамуын және өркендеуін одан әрі нығайту үшін бірлесіп жұмыс істеу мәселесі талқыланды. Саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Джо Байденнен кейін сөз алды.
Нұрбек Бекен, тілші:
- Орталық Азия және АҚШ саммиті көп жылдық өзара ынтымақтастыққа негізделген тарихи оқиға болды. Жиынды ашқан АҚШ президенті Джо Байден осылай деді. Аймақтағы бес мемлекеттің президенті мен Ақ үй басшысы қатысқан жиында стратегиялық серіктестікті, саяси диалогты, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту сөз болды. Сонымен бірге Еуразия құрлығындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды.
Ақ үй басшысы аймақпен АҚШ-тың арасындағы өзара байланыс жаңа белеске шыққанын, соның ішінде терроризмге қарсы іс-қимыл мен Орталық Азияны қаржыландыру саласындағы әріптестікті нығайта түсетінін айтты. »
Джо Байден, АҚШ Президенті:
- Аймақтың экономикалық белсенділігі артып келеді. Мәселен, біз даму үшін жеке секторымызды жақсырақ байланыстыратын жаңа бизнес алаңын құрып жатырмыз. Алдағы уақыттағы энергетикалық қауіпсіздік пен жеткізу тізбегін нығайту және минералдық ресурстар бойынша аса мыңызды диалогтың әлеуетін талқылаймыз.
Нұрбек Бекен, тілші:
- Ақ үй басшысы Орталық Азия мен АҚШ–тың мүгедектер құқы туралы жаңа бастаманы қолға алып жатқанын айтып, президенттерге жемісті кездесу үшін алғыс белдірді. Саммитте киберқауіпсіздік, терроризм, экстремизм, заңсыз миграция және есірткі тасымалы секілді қауіп-қатерлерді шешу үшін ынтымақтастықты нығайту жағы қарастырылды.
Сонымен қатар, Қазақстан Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталығын ашу ісінде АҚШ тарапының қолдауына сенім артатынын жеткізді.