Е.Қошанов ШЫҰ аясындағы жастар саяси лагерінің қатысушыларымен кездесті
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында өтіп жатқан жастар саяси лагерінің қатысушыларымен кездесті.
Спикер ұйымға мүше және байқаушы мемлекеттердің алдында тұрған міндеттерді іске асырудағы жастардың рөліне тоқталды. Еліміздегі саяси реформалар мен жаңа экономикалық модель құрудағы жұмыстар туралы айтты. Ұйымға төрағалық ету аясында Қазақстан белгілеген бірқатар басымдықты еске салды. Орталық Азиядағы су тапшылығы, есірткіге қарсы күрес және цифрлық саладағы ынтымақтастықты кеңейту жайы сөз болды. Жастарға осы бастамаларға белсенді араласуды ұсынды. Лагер жұмысына шет мемлекеттерден және ел өңірлерінен 300-ден астам делегат қатысып жатыр.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Қазіргі заманда барлық елдің тең құқықтық негіздегі өзара іс-қимылы үшін жағдай жасау аса маңызды. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы барысында «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастама ұсынуға ниетті екенін мәлімдеді. Ол ШЫҰ мен оның кеңістігінің одан әрі даму бағдарын айқындайды. Бұл ұйымға кіретін барлық ел жастарының белсенді араласуы маңызды.