Қарағанды облысында аудан әкіміне үміткерлерді ұсыну жүріп жатыр
Биыл елімізде 45 аудан және маңызы бар қалаларда әкім сайлауы өтеді.
Бұл әзірге пилоттық жоба. Қарағанды облысында үш ауданда үміткерлерді ұсыну жүріп жатыр. Олар Приозeрск қаласы мен Ақтоғай және Осакаров аудандары. Саяси додада өзін-өзі ұсынатындардан бөлек, партия өкілдері де бағын сынай алады.
Бұл Осакаров. 30 мыңға жуық тұрғыны бар аудан. Түтіну түзу, тірлігі тиянақты мекен тоғыз жолдың торабында орналасқан. Жіптей жолдар жергілікті жұртты өркениетпен жалғап отыр. Әлеуеті зор ауданға қызығып, әкім болғысы келетіндер аз емес. Бүгін алғашқы үміткер құжат тапсырды. Қалел Мақсұтов партия атынан сынға түседі.
Әйгерім Сүлейменова, Осакаров аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:
- Әкім болып 25 жастан асқан ҚР азаматы сайлана алады. Кандидаттарды тіркеу 10 қазан жергілікті уақыт 18:00-де аяқталады. Тіркеуден соң үгіт-насихат шаралары басталады.
Сайлауға кандидат ұсыну 5 қазанда аяқталады. Саяси науқанның ең қызық тұсы осы жерден басталады. Ел сенімін иеленуге күрес Осакаровта тартысты өтетін секілді. Өйткені, өңірдегі саяси партиялардың белсенділігі жоғары. Олар өз үміткерлерін үкілеп, партиялық тізім жасақтап жатқаны айтылды. Таңдау құқы бар 21 мыңнан аса адамның ойынан шығу оңай емес. "Кез келген сала өкілі додаға түсіп, 4 жыл әкім болу мүмкіндігіне ие болады", - дейді мамандар.
Дана Молдағалиева, Осакаров аудандық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Аудан әкімі сайлауына аумақтық комиссиядан 7 адам және учаскелік сайлау комиссиясынан 217 адам жұмылдырылды. 16 қыркүйектен бастап кандитаттардың құжаттарын қабылдап жатырмыз. Егер барлық талапқа сай болса, тіркелгені жөнінде хабар алады.
Назерке Тоқжан, тілші:
- Бұрын әкімдерді жоғарыдан тағайындайтын. Енді жағдай өзгерді. Бұқара өзіне ұнаған азаматты әкім қылып сайлай алады. Ал мына біз тұрған Осакаров немесе ел арасында "Аса қарлы" аталып кеткен ауданның келесі әкімі қарашаның 5-і күні өтетін сайлауда анықталады.
Назерке Тоқжан, Мейрам Жүнісов