Қазақстан санкциялық текетіресті құптамайды
Қазақстан көршілерімен достық қарым-қатынасты үзбеуге ұмтылады.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев осылай дейді. Расымен, қазір елде шекаралас мемлекеттермен аумақтық дау-дамайға қатысты алаңдаушылық жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Германиядағы сапары аясында бұл сұрақтың нүктесін қойды. Мемлекет басшысы «Ресей мен Қазақстан арасында территориялық дау жоқ. Қос мемлекет тұрақты достық қарым-қатынас орнатқан»,- деді. Сондай-ақ, Қазақстан толассыз санкциялық текетірестерді құптамайтынын мәлімдеді. Өйткені саяси шектеулер халықаралық қатынастардың ахуалын ушықтырып, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуын шектейді.
Азиз Әбішев, саясаттанушы:
- Қазақстан мен Ресейдің арасын әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы бөліп жатыр. Қос мемлекет ұзақ жылдар бойы тығыз қарым – қатынаста орнатып келеді. Одан бөлек, саяси-экономикалық һәм әскери салада ынтымақтастығы бар. Әлемдегі кез келген мемлекет көршілерімен тату болғысы келеді. Қазақстан да сондай. Сондықтан ел басындағылар Қытай, АҚШ және Еуропамен қатар, Ресеймен де екіжақты байланыста ұстауы құптарлық іс.