«С5 + Германия» диалогының отырысы өтті
Мемлекет басшысы ресми сапар барысында «C5 + Германия» диалогының отырысына да қатысты.
Жиын алдында Орталық Азия және Германия президенттерінің суретке түсу рәсімі өтті. Ізін ала мемлекет көсемдері келіссөз үстеліне жайғасты. Қасым-Жомарт Тоқаев «C5 + Германия» диалогы туралы бастама елдер арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті. Ең алдымен сауда-экономикалық, жаңа көлік-транзит дәліздерін дамыту, энергетика саласындағы кооперация мәселелеріне назар аударды. Кездесуде климаттың өзгеруі, су тапшылығы мәселесі де көтерілді. Жиынға қатысушылар мұздықтардың еруі мен Орталық Азиядағы экологиялық ахуалдың өзгеруін талқылады. Мемлекет басшысы «Германияның аталған проблемаларды шешудегі тәжірибесі маңызды» деді.
Жиында геосаяси жағдай да назардан тыс қалмады. Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер «Украинадағы дағдарыс Еуропаның, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігіне айтарлықтай әсер етеді» деді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұған жауап ретінде өзара тиімді бейбіт шешімдер іздеуге бағытталған салиқалы дипломатия қажет екенін тағы да мәлімдеді. Тараптар нақты келіссөздерге кірісуі қажет. Одан бөлек, Орталық Азия елдері мен Германия арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мәселесі қаралды. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым және білім салаларындағы бірлескен жобаларды, неміс тілін оқыту бағдарламаларын іске асыруды қолдады.