Президент Германия экономикасы Шығыс комитетінің дөңгелек үстеліне қатысты
Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары Германия экономикасы Шығыс комитетінің мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жиында әлем нарығында әлеуеті жоғары алпауыт компаниялармен ынтымақтастық орнату мәселесі қаралды. Берлиндегі басқосуда қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев не айтты? Қандай бастама көтерді?
Әуелі Германия экономикасының Шығыс комитеті хақында. Бұл – осы елдің Орталық, Шығыс аймағы мен Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия елдерін қамтитын құрылым. Комитетке Германия экономикасының 6 жетекші одағы қолдау көрсетеді. 400-ге жуық компания мүше. Ендеше мұндай алып бірлестікпен ынтымақтастықты кеңейтсек – ұпайымыз түгел.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің аймақ – Еуразия кеңістігін байланыстырушы бірегей стратегиялық орталық. Негізгі сауда-экономикалық дәліздер елдеріміздің аумағы арқылы өтеді. Қазақстанда мол пайдалы қазбалар қоры бар. Мұның бәрі Германиямен және жалпы Еуропа Одағымен сауда-инвестиция саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға кең жол ашады.
Батыстың қуатты мемлекеті Германиямен байланысты нығайтуға ОА-дағы әр мемлекет мүдделі. Неміс тарапының да біздің аймаққа қызығушылығы артқан. Әсіресе кейінгі уақытта. Бұл енді түсінікті. Геосаяси тұрақсыздық кезінде ОА-ның рөлі күшейді. Жылдар бойы қалыптасқан сауда тізбегі үзілді. Тіпті шикізат жеткізуде де қиындықтар бар. Сондықтан батыс мемлекеттері жаңа жолдар іздейді. Бұл да – біздің экономика үшін жаңа мүмкіндік.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз маңызды шикізат тауарлары саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз. Бүгінде сирек кездесетін металдарға әлемдік сұраныс ұсыныстан едәуір көп. Мемлекеттердің болашақтағы технологиялық дамуы осы үрдісті күшейте түседі. Қазақстан Орталық Азияның басқа мемлекеттері сияқты Еуропа Одағына қажетті аса маңызды металдар мен минералдардың орасан зор қорына ие. Оларды бірлесіп өндіруде ғана емес, қайта өңдеу ісінде де бұл бағыттың келешегі зор.
Табиғи ресурсты игеруде Германиямен жаңа жоба басталды. HMS Bergbau компаниясының басшылығымен геологиялық барлау жүргізу және литий өңдеу кешенін салу бойынша келісім жасалды. Инвестиция көлемі – 500 миллион доллар. Немістермен өнеркәсіп саласында да ынтымақтастық өрісі кеңейіп келеді. Linde компаниясы карбамид өндірісіне қажетті газды толық өңдеуге 1,4 миллиард теңге инвестиция құяды. Жиында Мемлекет басшысы тараптарды орнықты даму және жасыл экономика саласында да бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан аймақтық климат мәселесін ілгерілетуге жан-жақты атсалысуға дайын. Біз неміс серіктестерімізді 2026 жылы БҰҰ аясында Қазақстанда өтетін Аймақтық климаттық саммитке қатысуға шақырамыз. Біз 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөнінде міндеттеме алдық. Алайда ол үшін бізге экономиканы айтарлықтай жаңғыртып, «жасыл» технологияға 600 миллиард доллардан астам инвестиция тарту қажет.
Қорған Қонысбайұлы, тілші:
- Алыстағы Германиямен біздің байланыс жақсы. Мәселен, неміс тарапының Орталық Азия өңірімен сауда-саттығының шамамен 83%-і Қазақстанның үлесінде. 83% деген әлі еселене түспек. Бұған дәлел – 2 күнге ұласқан үздіксіз кездесу, ондаған келіссөз, бекіген келісімдер. Мұның бәрінде, әрине, өз есебіміз, өз мүддеміз жатыр. Ресми сапардың мақсаты да осы.
Авторы: Қорған Қонысбайұлы.