Неміс тарапы еліміздің электр желісін жаңғыртуға ниетті
Siemens Energy компаниясы еліміздің электр желілерін жаңғыртуға қатысты жоба әзірлеп, оны жүзеге асыруға ниетті.
Мұны Берлинде Мемлекет басшысымен кездескен компанияның басқарма төрағасы Кристиан Брух айтты. Президент Қазақстан энергетиканың қауіпсіздігі мен тәуелсіздігіне қатысты мәселелермен белсенді айналысады деді. Кездесуде Энергетика министрлігі мен Siemens Energy арасында қол қойылған меморандумның маңыздылығы айтылды. Бұл құжат компанияға елімізде ірі энергетикалық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Siemens Energy біздегі электр қуатын өндіретін жобаларға құрал-жабдық жеткізуге дайын.
Кристиан Брух, Siemens Energy компаниясының басқарма төрағасы:
- Біз көптеген жобаларды талқыладық. Қазақстанның жасыл сутегін дамытып, жаңартылатын энергияны дамытуға әлеуеті зор. Бұл, шынымен, ауқымды жоба. Қазақстан болашақта бүкіл Еуропа, соның ішінде Германияны қуатпен қамтамасыз етуі мүмкін. Айта кетейін, мен үшін Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу әрқашан жағымды. Тақырыпты егжей-тегжейлі білетіні таңдандырады.