Президент Әділет министрін қабылдады

Президент Әділет министрі Азамат Есқараевқа «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңды жүзеге асыруға қатысты заңға тәуелді актілерді жедел қабылдауды тапсырды.

Ол үшін Бас прокуратурамен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуді міндеттеді. Бүгін Мемлекет басшысы Әділет министрін қабылдап, ведомствоның биылғы 9 айда атқарған жұмысының қорытындысы мен алдағы жоспары жөнінде баяндамасын тыңдады. Министрдің президентке азаматтық хал актілерін тіркеу, жылжымайтын мүлікке қатысты құқықтар, нотариаттық, адвокаттық қызметтер, атқарушылық іс жүргізу салаларындағы жаңалықтар мен зияткерлік меншік құқықтарын қорғау шаралары туралы айтты. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев заңдар мен заңға тәуелді актілерді қабылдау кезінде мүдделі мемлекеттік органдармен үйлесімді жұмыс істеп, Конституция талаптарының сақталуын қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.

Азамат Есқараев, ҚР Әділет министрі:

- Бүгін мемлекет басшысына әділет органдарының 2023 жылдың 9 айы бойынша баяндадым. Оның ішінде заң жобалары жұмыстарын күшейту жөнінде және де адвокатура, нотариат саласындағы өзгерістер жөнінде, жеке сот орындаушылары саласын жетілдіру бойынша. Мемлекет басшысы осы мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді және заңсыз иемденген активтерді қайтару бойынша заңды жүзеге асыру мәселелері жөніндегі заңға тәуелді актілерді қабылдауды тездетуді тапсырды.