БҚО-да әкім сайлауына үш орынға 16 адам ұсынылды

Батыс Қазақстан облысындағы  сайлау өтетін 3 ауданда 16 үміткер ұсынылған.

Ең тартысты бәсеке Бөкей Ордасында болғалы тұр. Тарихы тұнған өлкенің тізгінін ұстауға тілек білдірген 7 кандидаттың біреуі «Аманат» партиясынан, қалғандары өз-өзін ұсынғандар. Ішінде қазіргі аудан әкімі, ауыл әкімдері, аудан әкімінің бұрынғы орынбасары да бар. Ал Тасқала ауданындағы 6 кандидаттың 3-і саяси партиялардың атынан додаға түспек. Оның 4-і мемлекеттік қызметкер, біреуі кәсіпкер, енді бірі құрылысшы. Оларға қарағанда Қаратөбе ауданында әкім лауазымына қызыққандар аса көп болмай шықты. Небәрі 3 үміткердің бірі қазіргі аудан әкімі болса, қалғандары сол аудандағы қарапайым мемлекеттік қызметкерлер екен. 3 ауданда да үміткерлердің орташа жасы 42-43-тің төңірегінде. Ең егде үміткер 56-да, ең жасы 27-де. Кандидаттарды тіркеу 5 күнде бітеді.

Ғайса Қапақов, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:

-  Ұсынған кандидаттардың кейбірі сәйкестігі анықталды, кейбірі сәйкестігі  анықталған жоқ. Сондықтан біздер енді ұсынған кісілердің сәйкестігін анықтап, аудандық сайлау комиссиясы сәйкес болған кісіге қол жинайтын қағаз береді. Оған дейін сенімді өкілдерін бекітеміз. Сенімді өкілдері қол жинап келеді мысалы бүкіл сайлаушылардың бір пайызын жинайды. Ол көп кісі емес. Бәрін тексеріп, бәрін қарап болғасын біздер оны тіркейміз. 10 күні тіркеу аяқталады.