Израильде жүрген Қазақстанның 118 азаматы елге қайтқысы келеді

Израильде жүрген 118 қазақстандық елге қайтуға ниет білдірген.

Бұл туралы Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров хабарлады. Оның айтуынша, әзірге зардап шеккен не тұтқынға алынған қазақстандықтар жайлы ақпарат жоқ. Дипломатиялық миссияның Тель-Авивтегі жедел желісіне 500-ден астам қоңырау түскен. Сондай-ақ министрлік жедел штаб ұйымдастырды. Консулдық есепте 77 адам тіркелген, оның ішінде дипломатиялық миссияның өкілдері мен олардың отбасылары бар. Бүгінде Израильде 5 қазақстандық студенттің оқып жүргені белгілі. Тағы 30 шақты отандасымыз осы елдің түрлі медициналық мекемелерінде тағылымдамадан өтіп жатыр. Жалпы, елшіліктің мәліметі бойынша, Израильде ресми тіркеуден өтпеген 400-ден астам қазақстандық болуы мүмкін.

Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

- Тель-Авивтегі дипломаттарымыз Израильдегі Қазақстан азаматтарымен тұрақты байланысты және олармен өзара жеде іс-қимыл жасау мақсатында арнайы мессенджерде чат құрды. Қазіргі уақытта оған Израильде тұрақты және уақытша тұратын 200-ге жуық  Қазақстан Республикасының азаматы қосылған. Бұл чатта біздің отандастарымыз өздерінің орналасқан жері туралы хабарлап, дипломаттармен тікелей байланыс орнатты. 

Айта кетейік, Израильдегі қазақстандықтарды алып қайту үшін "Эйр Астана" әуе компаниясы 10 қазанда репатрияциялық рейс ұйымдастырады. Рейс Алматы–Тель-Авив–Алматы бағыты бойынша ұшпақ. Алматы қаласынан ұшу сағат 08:00-ге, Тель-Авив қаласынан ұшу жергілікті уақыт бойынша сағат 12:50-ге жоспарланған. Рейске қатысты сауалдарды help.airastana.com қолдау орталығына, не экранда көрсетілген номерлерге хабарласып білуге болады.

тел.: +7 (727) 244 44 78

WhatsApp: +7 702 702 0074