Қазақ-американ сауда-саттығына кері әсер ететін құжат күшін жоюы мүмкін

Қазақ-американ сауда-саттығына кері әсер етіп отырған Джексон-Веник түзетуі көп ұзамай күшін жоюы мүмкін.

Арнайы заң қазір АҚШ конгресінде қаралып жатыр. Америка азаматтығын алған отандастарымыз құжаттың 1974 жылдары енгізілген тармағын жоюды сұрап сенаторларға хат жолдапты. Бұл туралы Қазақ-американ қауымдастығының президенті Дархан Нұрмағанбетов Вашингтон аймағы қазақтарының дәстүрлі басқосуында айтты. Жалпы мыңға жуық адам заң шығарушы органға өтініш жіберген. Оның үштен бірі Қазақстанда жұмыс істеген, бизнес немесе басқа салаларда біздің елмен тығыз байланысы бар америкалықтар екен. Қауымдастық жетекшісінің айтуынша, сенаторлар мәселенің оң шешілуіне ықпал етуге уәде берген. Ал қандастарымыз жыл сайын өтетін басқосуға қатысып арқа-жарқа болды. Ұлттық мол дастархан жайылды. Ал балалар жағы асық ойнап, асыр салды. Дәстүрлі іс-шараға тіпті, Еуропадан да қазақтар арнайы келген.

Шоқан Бектұрғанов, іс-шараға қатысушы:

"Бернер Швейцариядан арнайы қазақтардың бас қосу мерекесіне келдім. Бұл шараның маңызы өте зор екен. Көріп жатырмыз қанша халық жиналып, бұл ұлттық сана сезімді дамытуға ықпалы өте үлкен деп айтқым келеді".