Қ.Тоқаев Қызылорда – Жезқазған автожолының құрылыс барысымен танысты

Сыр еліне сапары барысында мемлекет басшысы Қызылорда – Жезқазған автожолының құрылыс барысымен де танысты.

Аталған жолдың 216 шақырымы аймаққа тиесілі. Қазіргі таңда оның 104 шақырымы төселген. Сонымен қатар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралығын, яғни 566 шақырымды І санаттағы 4 жолақты жолға ауыстыру жоспарланып отыр. Келесі жылы жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу басталады. Мемлекет басшысы жұмысты тезірек бастау қажеттігін айтты. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға мәселені бақылауға алу жөнінде тапсырма берді. Бұған қоса еліміздің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай космодром қалашығындағы ахуал туралы баяндады. Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту үшін Ресей тарапымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу қажет екеніне назар аударды.