Мемлекет басшысы Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалына барды
Облыс орталығына келген соң Мемлекет басшысы алдымен Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалымен танысты.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, жалпы құны 20 миллиард теңге болатын нысан демеушінің қаражатына салынып, кейін мемлекет меншігіне өткізіледі. Халықаралық стандартқа сай болатын әуежайда жолаушыларға қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалады. Жаңа терминал келесі жылы пайдалануға берілмек. Нысан қолданысқа берілгеннен кейін бір сағатта 250 жолаушыға қызмет көрсете алады. Сондай-ақ түрлі бағыттарға ұшатын әуе рейстерінің саны артады. Бұдан бөлек аймақ басшысы Қызылорда қаласында заманауи үлгіде салынып жатқан автобекеттің биыл жыл соңында іске қосылатынын және қаланың теміржол вокзалына да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.