Президент Қызылордадағы «Анаға тағзым» орталығына барды

Мемлекет басшысы Қызылорда қаласында жақында бой көтерген «Анаға тағзым» орталығына барды.

Нысан биыл жергілікті демеушілердің қолдауымен салынған. Мұнда қыз-келіншектерге арналған 5 клуб және 2 студия жұмыс істейді. Жобаның мақсаты – ұлттық құндылықтарды ұрпаққа мирас етіп қалдыру, дәстүрлі мәдениетті жаңғырту, әрі әйелдер еңбегін дәріптеу. Сонымен қатар қыз-келіншектер мен аналарды өмірге, тұрмысқа бейімдеу. Президент орталықта қолөнер шеберлері жасаған бұйымдар көрмесін және «Қазақ елінің ұлы аналары» картинасын тамашалады. Мемлекет басшысы мұндай орталық жастарға тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқаратынын айтты.

- Бұл Сыр арулары мен Сыр аналарының арманындағы киелі шаңырақ деп айтуға толық болады екен. "Ұлт жақұты" деп аты айтып тұрғандай бұл бөлмеге келген үлкен де, кіші де біздің қазақтың ұлттық құндылықтарын, жақұт құндылықтарын көрсе деп ойлаймын.

- Дұрыс айтасыз ең алдымен ұлттық салт-дәстүрімізді, болмысымызды, діліміз, дінімізді насихаттауымыз керек. Нағыз ұлттық дәстүрімізді, сосын ұлттық көзқарасымызды дәріптеуіміз керек.