Мемлекет басшысы Қызылорда облысындағы темір-бетон зауытына барды
Президент Сыр елінің дамуына баса мән береді.
Мұны Бүгін Мемлекет басшысы Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапары барысында айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев онда Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылына ат басын бұрып, жергілікті халықпен кездесті, әлеуметтік нысандарды аралады. Сапар аясында Мемлекет басшысы темір-бетон бұйымдары зауытына да барды. «Құрылыс-көлік компаниясы» биыл іске қосқан жобаның жалпы құны 2,6 миллиард теңге. Комбинат күніне 200 текше метр темірбетон бұйымдарын өндіреді. Өндіріске қажетті шикізаттар жергілікті жерден алынады. Сонымен қатар Мемлекет басшысына аймақтағы кәсіпорындардан шығатын басқа да өнім түрлері таныстырылды. Олардың басым бөлігі құрылыс саласы үшін аса қажетті материалдар. Президент кәсіпкерлермен әңгімелесу барысында шағын және орта бизнесті өркендету үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.