Си Цзиньпин: Қазақстандағы реформаларды қолдаймыз
«Бір белдеу, бір жол» бастамасы осыдан 10 жыл бұрын Қазақстанда көтерілген.
Сондықтан Қазақстан Президентінің Бейжіңдегі форумға қатысуының жөні бөлек. Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин шақыруды қабыл алған Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті. «Халықаралық жағдайдың мың құбылуына қарамастан, Қытай мен Қазақстан бастапқы ұстанымынан айнымай, бір-біріне жәрдемдеседі. Елдеріміз арасындағы достық қатынас орнаған жылдар ішінде біз мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестікті қалыптастыра алдық», – деді Си Цзиньпин.
Қытай Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын, сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларды толықтай қолдайтынын да жеткізді. Бұдан бөлек, қос ел басшысы халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге қатысты пікір алмасты.