Жасыл энергетика саласындағы бірегей жоба
«Бәйтерек» пен Huadian Маңғыстау облысында бу-газды қондырғы мен жел электр станцияларын салуға келісті.
Ұлттық холдинг пен қытайлық компания арасындағы құжатқа Мемлекет басшысының көрші елге ресми сапары аясында қол қойылды.
Маңғыстау облысындағы электр қуатының тапшылығы 2027 жылға қарай шешіледі. Аймақта жаңа электр станциялары салынады. «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «Qazaqstan Investment Corporation» мен Хуадьян төрт жыл ішінде бу-газды қондырғы орнатуға келісті.
Ержан Елекеев, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ басқарушы директоры:
- Біз аймақ экономикасы өте қарқынды дамуы үшін бу-газды қондырғы станциясын таңдау бойынша келісімге келдік. Жоба құнын 200 миллион долларға бағаладық.
Сонымен қатар қазақстандық және қытайлық серіктестер қуаты 600 мегаватт болатын жел электр станцияларын салуды көздеп отыр. Бұлар қосымша қуаттың негізгі көзі болмақ.
Ержан Елекеев, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ басқарушы директоры:
- Келесі жылдың ортасында біз құрылыс-монтаж жұмыстарын бастаймыз және оны 2027 жылға қарай пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. Бу-газды қондырғы маневрлі, ал жаңартылатын энергия көзі базалық болады. Яғни климаттық өзгеріс болған кезде қондырғы бірден іске қосылады.
Жасыл энергияға көшу бойынша мұндай жоба біздің елде алғаш рет қолға алынып отыр. Бұл табиғи көміртегіне тәуелділікті азайтуға септігін тигізбек. Атап өтейік, қытайлық серіктестер мұндай жобаны өз елдерінде сәтті жүзеге асырған.
Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Марат Диханбаев, Айдос Серікболұлы