Қ. Тоқаев Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесті.

Тараптар сауда, өнеркәсіп, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және туризм бағыттары бойынша арадағы қарым-қатынасты жоғары бағалады. Президент «Қазақстан жеткізілетін өнім түрлерін ұлғайтуға дайын. Атап айтқанда, металлургия, мұнай химиясы, машина жасау, тамақ өнімдерін, сондай-ақ құрылыс материалдарын экспорттай аламыз», - деді. Сондай-ақ, еліміздің шекаралас төрт облысы мен Шыңжаң өлкесі арасында тығыз байланыс орнағанына тоқталды. Қазақстан-Қытай саудасының 40 пайыздан астам үлесі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына тиесілі. Биылғы жартыжылдықта екіжақты тауар айналымы 87 пайызға өсіп, 8,5 миллиард долларға жетті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстанның Шыңжаңмен өзара сауда-саттық мәселесінде өңірлік ынтымақтастықтың қолданыстағы механизмдерінің мәні зор. Менің ойымша, оларды дұрыс пайдалана білсек, айтарлықтай ілгерілеуге болады. Қазақстан сіздің аймағыңызға жеткізілетін өнім түрлерін ұлғайтуға дайын. Атап айтқанда, металлургия, мұнай химиясы, машина жасау, тамақ өнімдерін, сондай-ақ құрылыс материалдарын экспорттай аламыз. Ал агроөнеркәсіп және азық-түлік секторындағы ықпалдастыққа келер болсақ, бұл бағыттағы әлеуетіміз зор. Қазақстан Қытай нарығына экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты жеткізе алады деп санаймыз.

Ма Синжуй, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы:

- Біз ауыл шаруашылығы, трансшекаралық сауда, энергетика салаларына баса мән бере отырып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтамыз. Сонымен қатар ғылыми ұйымдар, жоғары оқу орындары және кәсіпорындар арасындағы қарым-қатынасты жолға қоямыз. Қазақстанға немесе Шыңжаң өлкесіне инвестиция құйып, бизнес ашуды көздейтін бірлескен кәсіпорындарды ынталандырамыз.