Қазақ-Шыңжаң байланысы нығаяды
Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының басшысымен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласына да айрықша тоқталды.
Сонымен қатар тарихи-мәдени, гуманитарлық байланыстың мәні мен маңызына назар аударды. «Екі ел өнерпаздарының бір-біріне гастрольдік сапарлар ұйымдастыруына қолдау көрсетеміз. Бұл тату көршілік және достық қатынастардың нығаюына оң ықпал ететіні сөзсіз», – деді Президент. Өз кезегінде Ма Синжуй Қазақ басшысының Шыңжаңға сапарын тарихи оқиға ретінде бағалады. Сондай-ақ, ғылыми ұйымдар, жоғары оқу орындары және кәсіпорындар арасындағы қарым-қатынасты жолға қоямыз деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Туризм саласындағы ынтымақтастықтың келешегі зор. Қазақстанның бұл бағыттағы мол әлеуетін ескере отырып, жақында Туризм және спорт министрлігін құрдым. Біз Қазақстанға саяхаттайтын қытайлық туристер саны артады деп үміттенеміз. Үкіметіміз елдегі туризм саласын дамытуға бар күш-жігерін жұмсайды. Сонымен қатар Қытайда келесі жыл қазақ туризмінің жылы болып жарияланды. Әрине, біз отандастарымыздың сіздің елмен және оның әсем табиғатымен, әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктерімен танысуы үшін Қытайға саяхаттап баруын қолдаймыз.