Бірер жылда елдегі заң шығару ісінде жасанды интеллект қолданылады
Қазір әлемдік тәжірибелер сарапталып жатыр.
Парламентті цифрландыру ісі жолға қойылды. Енді қабылданған заңдардың тиімді жүзеге асырылуына көңіл бөлінеді. Сол үшін еліміз бірқатар мемлекеттің парламентімен етене жұмыс істейтін грекиялық компаниямен байланыс орнатпақшы. Бүгін "Ақылды парламент" жобасының авторлары депутаттар мен құзырлы органдарға арнайы семинар өткізді. Ертең тараптар меморандумға қол қояды.
Ләззат Сүлеймен, парламентаризм институты директорының орынбасары:
- Жасанды интеллектті пайдалану - бюрократияны азайтуға және жер-жердегі халықтың пікірлерін бірінші кезекте жинақтап, оны заңнамалық процеске енгізуге үлкен көмек көрсетеді деп ойлап отырмыз. Парламентаризм институты осы бағыттағы нарықты зерделей отырып, Грекияның Хелениг ОСР ТИМ деген компаниясын шақырды. Бұл компания 2009 жылдан бері Еуропа одағы парламенттерінің деректерді жинақтау, оны сараптауға байланысты жұмыстарды атқарып отыр.
Фотис Фитсилис, грекиялық HELLENIC OCR TEAM компаниясының сарапшысы:
- Біздің ұйым парламенттердің өзара іс-қимылының халықаралық желісімен етене жұмыс істейді. 15 мемлекетпен байланыс орнаттық. Жалпы қандай да бір жүйеге жасанды интеллекті енгізу оңай жұмыс емес. Оны бастау үшін алдымен қоғамдық тыңдау ұйымдастыру керек. Саясаткерлердің пікірін ескеру маңызды. Жасанды интеллектің пайдалы тұсын қолдану бар да, тәуекелдердің алдын алу бар. Тек содан кейін сіздер де осы жүйені қолдана аласыздар.