Люксембургте Сыртқы істер министрлерінің кеңесі өтті

Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі  Мұрат Нұртілеу бастаған қазақстандық делегация Люксембургте өткен «Орталық Азия – Еуродақ» министрлер кеңесінің 19-шы отырысына қатысты.

Форум аясында “Қазақстан-Еуроодақ” ынтымақтастық комитетінің 20-шы мерейтойлық отырысы өтті.

Жанат Эрнст, тілші: 

- Бұл - Орталық Азияның 5 елі мен Еуроодаққа мүше 27 мемлекеттің сыртқы істер министрлерінің алғаш рет бас қосуы. Кездесуге қатысушылар саясат пен экономика, сауда және инвестиция, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту жағын талқылайды.

Жиын барысында Орталық Азия мен Еуроодақ арасындағы қарым-қатынасты тереңдетуге бағытталған бірлескен жол картасы таныстырылды. Оған сәйкес, аймақтың көлік инфрақұрылымын еуропалық стандарттарға жеткізу, "жасыл" жобаларды қаржыландыру жолдары талқыланды. Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу ауыл шаруашылығы, инвестиция және цифрландыру, сонымен қатар Транскаспий дәлізінің мүмкіндігін пайдалану бойынша қазақстан ұсынған бастамаларды айтты. Форум аясында Мұрат Нұртілеу  бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Еуроодақ дипломатиясының басшысы Жозеп Боррелмен келіссөздер барысында тараптар ресми Астана мен Брюссель арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Жозеп Боррель, Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі:

- Бүгін біз сыртқы істер министрлері деңгейінде Еуроодақ Кеңесінің біршама ұзақ отырысын өткіздік, Орталық Азияның бес елінің сыртқы істер министрлерімен де кездестік. Бұл Еуроодақтың барлық 27 мемлекеті және Орталық Азия аймағының сыртқы істер министрлері қатысқан тұңғыш шара. Сонықтан оның тарихи маңызы өте зор дер едім.

Еуроодақ дипломатиясының басшысы Жозеп Боррел бұл платформа жемісті көпжақты серіктестіктің жарқын үлгісі екенін атап өтті. Ынтымақтастықты одан әрі тереңдету бойынша сауда айналымын, инвестиция, көлік пен цифрлық саланы дамыту тереңдету ұсынылды.

Тереза Червинская, Еуропалық инвестициялық банкінің вице-президенті:

- Еуропалық инвестициялық банк пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық өте жақсы деңгейде. Біз Қазақстан үкіметіне алғысымызды білдіреміз. Бүгінгі кездесуде біз бірлескен серіктестікті қалай тереңдете аламыз, және қаржыландыруды ұлғайтып, оның техникалық мүмкіндіктерін таразыладық. Тәжірибемізбен бөлісудің жолдарын талқыладық.

Кездесу қорытындысы бойынша Орталық Азия мен Eуроодақ елдерінің сыртқы істер министрлері бірлескен мәлімдеме қабылдады. Құжатта Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылы Қазақстанда БҰҰ-ның климаттық саммитін өткізу және Аралды құтқару халықаралық қоры аясында тараптар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі бастамалары қамтылған. Екі жақтық министрлер кеңесінің келесі отырысы Түркіменстанда 2024 жылы өтеді деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов