Қазақстан ШЫҰ аясында халықтық дипломатия орталығын құрды
Мұнда сегіздікке мүше 5 мемлекетте бар. Енді алтыншы болып Қазақстан тиісті құрылым жұмысын жолға қойып отыр.
Бұл жайында Ташкентте қауымдастық төрағасы, жазушы Бақыт Рүстемов айтты. Ол Өзбекстан астанасында өткен «Жаңа әлемдегі мәдениетаралық диалог: білім беру, ағарту және халықтық дипломатия» атты конференцияға қатысып, еліміздің руханият саласына қатысты жаңалықтарымен бөлісті.
Жалпы жаңадан құрылған орталық Шанхай сегіздігімен мәдениет пен құндылықты насихаттауға, рухани танымды кеңейтуге жұмыс істейді. Оған негізінен әдебиет пен өнер саласының өкілдері бірігеді. Бұл өз кезегінде елдер арасындағы байланысты бекемдеуге тек саясаткерлер емес, зиялы қауым да атсалысады деген сөз.
Бақыт Рүстемов, Қазақстанның халықтық дипломатия қоғамының төрағасы:
- Қазақта жақсы сөз бар. Көзге көз түссе, жүзге мейір түседі. Араласпағаннан ағайын жат болады. Өзбек ағайындарға рақмет. Қазақстанда түрлі шара өткізіп жатамыз. Мақсат – халықтар достығын жақындата түсу. Әрине, қазақты әлемге таныту. Бүгінгі шараға келетін болсақ, өте жақсы тақырып болып жатыр.
Қабулжон Собиров, ШЫҰ халықтық дипломатия орталығының директоры:
- Бұл арқылы біз басқа елдерге халықтарымыздың рухани болмысын, мәдениетін танытамыз. Бүгінгі шараға қазақстандық әріптестеріміздің қатысып отырғанына қуаныштымыз. Астанада өткен Азаматтық форум аясында әріптестікті арттыратын болып келістік. Енді келер жылы бізде Шанхай сегіздігі аясында біркелкі мәдени шаралар жоспары құрылады.