Егемендік декларациясы қалай қабылданды?
Мемлекеттік егемендік туралы декларация 1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен қабылданды.
Онда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері айқындалды. Сондай-ақ алғаш рет ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін дамыту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді.
Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:
- 1990 жылы ең маңызды құжат қабылданған тарихи ғимарат осы. Кезінде Үкімет үйі болған. Қазір мұнда жоғары оқу орындарының бірі орналасқан. Ғимарат Алматының дәл орталығында. Нысанның құрылысы 1938 жылы басталып, соғыс жылдарында тоқтап қалып, 1957 бір-ақ аяқталған. Кейін тағы қосалқы 2 ғимарат салынды. Қазір тарихи ескерткіш ретінде мемлекет қорғауына алынған. Ал 90-шы жылдары елдегі саяси оқиғалардың орталығы еді.
Әрбір маңызды жаңалықты қалт жібермей, талдап отыратын заңгерлер «Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны» саяси дағдарыс белең алған қысылтаяң шақта іске асыру оңайға түспегенін айтады. Тарихи құжат сол кездегі кеңестік заңдардың күшін тоқтатты. Осыдан кейін ғана Қазақстан өзінің заңдарын шығаруға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, еліміз ішкі саясатты, әлеуметтік мәселені, жалпы экономикадағы жағдайды өз еркімен шешу құқығына ие болды.
Мұсабек Әлімбеков, заң ғылымдарының докторы:
- Соның басында үлкен ғалымдарымыз академик Салық Зиманұлы Зиманов, Сұлтан Сартаев, тағы да көптеген заңгерлеріміз, академиктеріміз үлкен роль атқарды. Оның ішінде қоғам қайраткерлері Мұрат Әуезов, Марат Оспановты айтып жатырмыз. Декларацияның негізгі қағидаттарында унитарлық, біртұтас бөлінбейтін мемлекет болып жарияланды және зайырлы мемлекет.
Маңызды құжатты қабылдайтын кезде мемлекеттің атауы мен тіл мәселесі де қызу талқыға түсті. Құжат жобасы 4 ай бойы дайындалды. Елдің саяси-құқықтық негізін қалады. 1991 жылы 10 қазанда Жоғарғы Кеңес мемлекеттің атын Қазақстан Республикасы деп өзгертті. Ал 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы қабылданды.
Қабдолсәмет Айтқожин, заң ғылымдарының докторы:
- 1990 жылдың 25 қазаны Жоғарғы Кеңес депутаттары мен қоғам қайраткерлерінің ғана емес, бүкіл ел есінде қалды. Халық сол кездегі шешімді тағатсыздана күтті. Осы декларацияның нәтижесінде біз кеңестік заңдарды қолданудан бас тартып, өз Ата Заңымызды құруға қадам бастық. Яғни, тәуелсіздіктің алғашқы іргетасын қалап берді. Сондықтан түсіне білген жанға оның маңызы мен құндылығы ерекше. Республика күні – ұлттық мереке. Тәуелсіздіктен артық бақыт жоқ дегім келеді.
Иә, еліміз осыдан кейін өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент мемлекет басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. Декларация осындай түбейгейлі бетбұрысқа жол ашты.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов.