Республика күні: тоқсаныншы жылдары депутат болған заңгер тарихи оқиғаны айтып берді
90-жылдардың басында Жоғарғы Кеңестің депутаты болған танымал заңгер Виталий Воронов тарихи оқиғаның куәгері әрі тікелей қатысушысы болды.
1990 жылы 25 қазанда XII шақырылған Жоғарғы Кеңестің қаулысымен «Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Барлық ұсыныс жоғарғы заң шығарушы органның аппаратында жүйеленіп, сарапталды. Құжаттың негізгі қағидалары кейіннен Конституцияда көрініс тапты. Республика күні Қазақстанда 1992 жылдан бері тойланып келе жатқанымен, мемлекеттік мерекелер тізіміне тек 2001 жылы енгізілді. Дегенмен 2009 жылдың «Мерекелер туралы» Қазақстанның жаңа заңына енген жоқ. Араға 13 жыл салып, 2022 жылы Республика күні Ұлттық мереке ретінде халықпен қайта қауышты.
Виталий Воронов, заңгер:
- Қазақстандықтарды еліміздің ең маңызды ұлттық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. 25 қазан күні Жоғарғы Кеңесте қызу пікірталас өтіп, декларация қабылданған еді. Алайда бірауыздан бекітілді деп айта алмаймын, қарсылық танытқандар болды. Депутаттардың 261-і «мақұлдаса», 18-і «қарсы шығып», 2-і қалыс қалды. Бір депутат белгісіз себептермен мүлде дауыс бермеді. Соған қарамастан декларацияға қол қойылып, көпшілік қошеметпен қарсы алды.