ДДҰ Қазақстанға зәру дәрі-дәрмек пен вакцина қоры жөнінен көмектеседі
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қолға түсе бермейтін дәрі-дәрмек пен вакцина қорын толтыруға көмектеседі.
Ұйымның Еуропалық өңірлік бюросы мен Денсаулық сақтау министрлігі екі жылдық келісімге қол қойды. Құжатта халық денсаулығын көтеруге бағытталған іс-шаралар қамтылған. Оған әріптестікті нығайту, төтенше жағдай кезінде өзара көмекті қамтамасыз ету, медицинадағы заманауи тәсілдерді енгізу сияқты бірнеше міндеттер кіреді. Сондай-ақ онкология ауруларының алдын алу мәселелері де бар. Үш жылға арналған кешенді жоспарға бюджеттен 400 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл қаржы материалдық-техникалық базаны күшейтуге жұмсалады. Кадр дайындауға да айрықша көңіл бөлінеді.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Кейбір мамандықтар тіпті біздің елде дайындалмайды. Оны шет елде дайындатып жатырмыз былтырдан бері. Келесі жылы үлкен ұлттық онкологиялық орталық ашылады. Ол орталықта біздің елімізде жасалмайтын емдердің түрі ашылады. Соның ішінде протондық терапия дейміз. Былтыр мына гамма-пышақ терапиясын енгізгенбіз. Оның өзі, былтыр енген технологиядан мыңнан астам адам алып, өмірінің сапасын ұлғайтты.
Ханс Клюге, ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының басшысы:
- Президент мырза медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша коалиция құруды ұсынды. Бұл жақсы идея деп ойлаймын. Кейбір елдерде алғашқы көмекке емес, күрделі технологияға қаржы салады. Ал Қазақстан аурудың алдын алуға баса көңіл бөледі. Мұның тиімділігін пандемия кезінде көрдік. Сондықтан коалицияға кіретін елдердің Қазақстаннан үйренетіні көп болады деген ойдамын.